Қала бюджетінің көлемі ұлғайтылды

Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтті. Сессияда бірқатар мәселе қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жиында алдымен «2024-2026 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» қала мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев жалпы бюджет көлемін

70 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылғанын атап өтті. Шығыстарды жоспарлау барысында бюджеттің мүмкіндігіне қарай халықтың өзекті мәселелерін шешуге және қаланың дамуына қажетті бірінші кезектегі шығындарға басымдық беріліп отыр. Жалпы, бюджетті нақтылау барысында қала бюджетінің көлемін 654 млрд теңгеден

724 млрд теңгеге ұлғайту мәселесі қаралды.

Бюджет жобасы қоғамдық кеңесте қаралып, мәслихаттың тұрақты комиссияларында жан-жақты талқыланған. Депутаттар бюджетке ұсынылған толықтыруларды бірауыздан қолдап, тиісті шешім қабылдады.

Қала әкімі маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді.

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бюджет нақтыланып, бірқатар шешім қабылданды. Басты мақсатымыз – халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Әр мәселені егжей-тегжейлі талқылауда белсенділік танытып келесіздер. Одан әрі де бірлесе жұмыс істейміз деп сенемін. Алда келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Сондай-ақ, жиында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жұмыстары, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму бағытында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер, инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапты.

Дереккөз: Тағабай ҚАСЫМ, «Шымкент келбеті» газеті