Кентауда желтоқсан оқиғасына қатысушыларды еске алу шарасы өтті

Ел Тәуелсіздігіне 32 жыл толуына орай кентаулықтар «Жастар саябағында» желтоқсаншыларға арналған ескерткішке жиналып, Тәуелсіздік жолында құрбан болған қаһармандарды еске алу рәсімін өткізді. Шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев шараның маңыздылығына тоқталды.

— Бүгін Тәуелсіздікті ту еткен аға-апкелеріміздің рухына тағзым етіп отырмыз. Тарихқа үңілсек, ата-бабаларымыз да Тәуелсіздік жолында бастарын бәйгеге тікті. Себебі, олар кейінгі ұрпақтың егеменді ел болуын қалады. Көш бастаған тұлғаларымыздың есімі тарихта қалды. Оларды өскелең ұрпаққа ұлықтау — біздің міндетіміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын, — деді Бейсен Дәулетұлы.

Сондай-ақ, еске алу шарасында сөз алған желтоқсаншы, «Тәуелсіздік рухы-Желтоқсан-86» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының мүшесі Жеңісбек Бижанұлы, «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Сәбит Исабеков сол уақыттардағы жастардың қайсарлығы мен елдің азаттығы үшін қайтпас ерліктеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар, шарада бақилық болған желтоқсаншылардың рухына құран бағышталды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі