Түркістан облысының 4 ауданында әкім сайлауы өтіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саяси жаңғырудың жаңа кезеңін жүзеге асыру мақсатында елдегі сайлау жүйесі де жетілдірілуде. Оған дәлел – дәл бүгінгі өтіп жатқан аудан әкімдерінің сайлауы.

Бүгін республика бойынша 45 аудан-қалалардың қатарында Түркістан облысынан Мақтаарал, Шардара, Созақ және Бәйдібек аудандары бар.

Өңірлердегі сайлау учаскелерінде таңғы сағат 7:00-де еліміздің Әнұраны орындалып, сайлау науқаны басталып кетті. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Учаскелерде алғашқы келушілерге естелік сыйлықтар табыс етілді.

Достық ауылдық округі Гүлістан ауылының тұрғыны, 80 жастағы қария Түрікмен Кенжеев ең алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Қария аудан әкімінің сайлауы барша аудан тұрғындары үшін маңызды екенін айтып, мақтааралдықтарды сайлауға белсене қатысуға шақырды.

Әлемнің ең мықты қолкүресшісі, әлем чемпионы Қыдырғали Оңғарбаев бүгін Шардара қаласындағы №850 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Саналы ғұмырын Созақ ауданының дамуына арнап, елге қызмет еткен ардагер Сызған ауыл округіндегі №701 сайлау учаскесінде дауыс берді. Қария бүгінгі маңызды саяси науқан әділ өтсін деп бата берді.

Барлық сайлау учаскелері интернет, байланыс телефоны, бақылау камералары мен басқа да арнайы құрал жабдықтармен толық қамтылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған.