Қырағы болыңыз, алаяқтардың қармағына түспеңіз!

Сандық дәуірде сымсыз желіден сыр жасыру мүмкін емес. Өмір сүріп отырған ортамыз цифрлық технологияға тәуелді болған тұста адамдардың қолы интернетке берік байланды. Бұл тәуелділік жыл өткен сайын артып келеді. Қарап отырсақ, кез келген сала интернеттің көмегінсіз алға жылжымайтын болды. Тұрмыстық өмірдегі таптырмас құралға айналған байланыс құралы алаяқтардың да пайда табатын көзіне айналғалы қашан. Содан бері халықтың өмірін жақсарту үшін атқарылған игілікті істен өз «үлесін» алуға асығатындар да айласын асырып, сабақты инені сәтімен жұмсап қалуға тырысатынын тоқтаусыз айтылып келеді. Алайда онлайн өмірден опық жегендердің статистикасы көбеймесе, кеміген жоқ. Себебі неде?

Осы күні жақындарымыздың жарқын сәттері туралы естеліктерді өз ауызынан емес, желіден естиміз. Айлап емес, жылдар бойы сөйлеспеген танысыңның күнделікті өмірін әлеуметтік желідегі жазбаларынан-ақ білуге еш кедергі жоқ. Жаңалығы былай тұрсын, желіде жеке деректерін көрсетіп жіберетіндер бар. Ал әлеуметтік желінің күнделікті ақпаратын сүзгіден өткізіп отыратын алаяқтарға бұл – мол азық. Өйткені адамдардың аңғалдығын әртүрлі сипатта толыққанды зерттейтіндер кәнігі психолог тәрізді. Желідегі жарияланымы арқылы жемтік іздейтіндер көбінесе «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» ақшалы болғысы келетіндердің әлсіз тұсын алдын ала біледі. Нарықтың заманында экономистер әрбір тиынның салмағы барын, ал құзырлы орындар жіпсіз байлайтын желідегі қауіп-қатерді қаперге ұстау қажеттігін айтып жатады. Олай болса, әлеуметтік желіде әліптің артын бақпайтындардың артында аңғалдық, әлде пайдакүнемдік жатыр ма?

Тәсілі түрленген алаяқтар
ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары Рүс­тем Дүйсетаев «Киберқылмыс, оның ішінде интернет пайдаланушыларға қа­тысты алаяқтық жағдайлары жиілеп кет­ті», деп отыр. Биыл азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелсе, алаяқтардың әреке­тінен жәбірленушілерге 13 млрд теңге залал келтірілді. Оның айтуынша, мұн­дай қылмыстардың көпшілігі шетелде жасалады. Оның ішінде қазір алаяқтық схемаларға тарту тәсілдері түрленіп жа­тыр. Мәселен, мессенджерлер мен әлеу­меттік желілерде жеңіл табыс туралы хабар­ландырулар жиі орналастырылатын болған. Содан соң телегей теңіздің толқыны секілді тасып келетін табысты алу үшін карта нөмірін сұрайды. Көмек қолын созуға «әзір» алаяқтар сенімге көз­сіз сенетіндерді бұдан кейін өз атына карта мен абоненттік нөмір ашуға үгіт­тейді. Үміттері ақталып жатса, осындай әре­кет­терге басқа адамдарды тартуды ұсы­нып, өзгелердің де өзі секілді тірнек­теп еңбек етпей-ақ саусақтың ұшын жы­быр­латып табыстың кілтін иемденуге шақырады. «Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды бас­қа адамдарға беруді сұрайды. Көрсетіл­ген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақша алу үшін пайдаланады. Мұндай кезде карта үшін біржолғы төлем жүргізіледі, не оған криптовалюта биржалары, халықаралық аударым жүйелері арқылы басқа адамдарға аудару қажет ақша түседі. Мұндай қызметтер үшін жалпы сомадан белгілі бір пайыздарды, әдетте 3-тен 10%-ға дейін қалдыру ұсынылады. Осылайша, адамдар заңсыз өндірілген ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырудың алаяқтық схемаларына тартылып, өздері қылмысқа қатысады», дейді Р.Дүйсетаев.

Құқық қорғау органдары қазір осындай тізбектерді анықтап, жеңіл пайда алу мақсатында алаяқтарға өз шоттарына ақ­ша шығаруға көмектескен отандық азаматтардың да қолына кісен салуға кіріскен. Сондықтан күмәнді схемаларға қатысқандар жәбірленуші ғана емес, қылмысқа қатысушы ретінде де заңға сәйкес жазаланады.

«Қайырымды» жұмыс берушілер
Кейінгі уақытта мессенджер арқылы ақша беріп алдайтын алаяқтық қаптады. Жемтігін желіден іздейтін қылмыскерлер жеке телефон нөмір арқылы тіркелетін мессенджерлерге де келді. Әлеуметтік желіде мол байлықтың иесі екеніңді айтып есіңді алатын шетелдіктердің Whatsapp пен Телеграм арқылы жұмыс ұсынуы кәдімгідей сенім ұялататыны рас. Бірақ жағдайыңа қарайлайтын «қайырымды» жұмыс берушілер айласын асырса, қақпанға түстім дей беріңіз. Танымал блогер әрі IT саласының маманы Аршат Ораз осылай деп отыр. «Күмәнді адамдар Whatsapp арқылы жұмыс ұсынады. Келісіп жатсаңыз Telegram-аккаунтқа сілтеме жіберіп, менеджер жұмыс барысын түсіндіреді. Ол қонақ үйлерге «баға беруді», яғни лайк басуды және скриншоттар арқылы растауды сұрайды. Осы қызметің үшін күніне 10 мың мен 68 мың теңге арасында ақша табуға болатынын айтады. Әрі қарай тапсырмалар арнайы топтарда берілуі мүмкін», дейді ол.

Алаяқтарды одан кейінгі тапсырмасына қонақ үйлердің рейтингін онлайн көтеріп, алдын ала броньдау кіреді. Со­ның арқасында комиссия жиналады-мыс. Алайда броньдар «Booking» сияқты танымал платформаларда емес, біреудің картасына аударылуға тиіс. «Маған да жұмыс ұсынылды. Қазір картамнан ауда­ра алмайтынымды, бірақ ақша бар еке­нін, картамды бұғаттан шешу үшін 40 мың­дай ақша бере тұруларын сұрадым. Со­сын шешілген бойда қайтаратынымды айтып, алаяқтардың өзін сан соқтырғым кел­ген. Бірақ бұл жоспарым орындалмады. Қызықтың бәрі ортақ чатта басталды. Өздерінің адамдары «ақша аудардық» деп скриндарын жібере бастады. Біреуінде «Мәскеу сағаты» деп Қазақстан уақыты көрсетілген. Ал екіншісі комиссиясыз «Halyk bank»-тан басқа банкке ақша аударады. Ал транзакция нөмірі 10 емес, 11 таңбалы. Өзгертілген уақыт «Photoshop» емес, смартфон редакторы арқылы жасалған. Соларды айтып едім, топтан бірден шығарып жіберді. Жалпы айтқанда, кейінгі кезде біраз тоқырауға кеткен алаяқтық жүйелері жаңаша келбет ала бастапты», дейді блогер.

Жеке деректер сатылымда жүр
Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желі қолданушыларының жеке мәліметтері күллі әлемге жария болды. Желіге дерек­тері жарияланған қолданушылардың жалпы саны 533 млн болса, оның ішінде 3 214 990 отандасымыз бар. Сол кезде-ақ сарапшы мамандар айдай әлемге жарқ еткен жеке мәлімет ертеңгі күні алаяқтардың арманын орындауға септігін тигізетінін атап өтті. Ал жақында отандастарымыздың жеке басына қатысты құпия мәліметтерді тегін тарататын ресейлік Telegram-арна белгілі болды. Демек бұл «Еліміздегі дербес деректердің қауіпсіздігі сын көтер­мей­тінін көрсетпей ме?» деген заңды сұрақты қоюға мәжбүр етеді.

IT-сарапшы Ерлан Оспан алаяқтық­тың бұл түрі тек біздің елге келген кесапат емес екенін айтады. Оның сөзінше, алаяқтардың мемлекетке әкелген шығын есебін жариялап тұратын елдер көп, Қазақстан сол тізімнің алды да, соңы да емес. «Жеке мессенджерге хабарласа­тын алаяқтар қайдан келді? Бұл кәдімгі парсинг әдісі. Қызметкерлердің телефон нөмірі жарияланған сайттар көп. Бағ­дарламашылар сол сайттардағы мәтін ішінен телефон нөмірді сүзіп алатын робот жазып, нөмірлердің базасын түзеді. Бұл аса қиын емес. Мектеп оқушысының қолынан келетін код дер едім. Екіншіден, олар рандом нөмірлер генераторын жасайды. Сосын сол нөмірлерді хаттармен атқылайтын боттарға қосады. Боттар «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пәлсапамен хат-хабарды барлық нөмірге жібере береді. Ал сол жүз мың адамның ішінен 20-сы «өзінің қазір ғана 5 мың доллар ұтып алғанына» сеніп қалады», дейді маман.

Сондай-ақ азаматтардың дерегі қол­же­тімді болуының бір себебін сарапшы «Цифрлануды жобалау кезеңінде қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалуы мүмкін» деп отыр. Тіпті 2000-жылдардың өзінде отандастарымыздың телефон нөмірі мен тұрғылықты жерінің дерекқорлары компакт-дискімен сатылған. Ең қызығы, ол дискілерді Мәскеудің әйгілі «Горбушки» базарынан әкелген. Жеке бас құпиясына немқұрайдылық сонша, мәлімет сату­шылар дискінің сыртына «Ақтөбе қа­ласы», «Алматы қаласы» деген лейблдер де басқан екен. Ал қазіргідей интернет қылмыс көбейген заманда ве­дом­ствоаралық ақпа­рат алмасудағы келең­сіздіктер, заң­дар­да құпияның жария болуына жауапты ұйым мен адамның аты аталмауы мәсе­лені әрі қарай ушықтырды. Осылай де­ген сарапшы: «Қазір хакерлердің жа­бық қауым­дастықтарында нөмір иесін біліп беру, мүліктерінің тізімін шығару сияқ­ты қызметтер ұсынады. Олар мұның бар­лығын аспаннан алып отырған жоқ. Кор­по­рациялар ішінде қауіпсіздік жолға қойылмаған соң әлденеге ренжіген немесе ниеті бұзық қатардағы қызметкер де дерекқорды көшіріп ала алады. Мысалы, электрондық қолтаңба қолды болып, сыртынан несие ресімделген құрбандар туралы мәліметтер ашық дереккөздерде толып жүр», дейді.

Қылмыскердің құрбаны кім?
ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес ор­талығы тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын тұрақты жүргізіп, интернет­тегі әрбір ақпаратқа мұқият болуды, телефон арқылы хабарласқан кез келген қоңы­рау иесіне құпияны аша берудің қате­лік екенін үздіксіз айтып келеді. Мәсе­лен, орталық бастығы Жандос Сүйін­бай­дың сөзіне қарағанда, биыл БАҚ-та про­фи­лактикалық сипаттағы 6 мыңнан астам материал жарияланған. Оның сыр­­­тында байланыс операторларымен жасалған меморандумдар тағы бар. Алайда халықты ақпараттандыру бойын­ша ауқымды жұмыс жүргізілгенімен, желіде жемтік болғандар көп. Ал аңқау елдің осал тұсын оп-оңай табатын қыл­мыскерлерді құрықтау тіпті қиын. Себе­бі басқа қылмыстарға қарағанда кибер­қылмыстың ерекшелігі бар.

Интернеттегі алаяқтық ақпараттық техно­логиялардың көмегімен жасалады. Қыл­мыскер тіпті шетелде отыруы мүм­кін. Сондықтан құқық қорғау органдары оларды анықтаған күннің өзінде қылмыскерді алдырту – күрделі жұмыс. Алаяқтық жасалған мемлекетпен арада келісімшарт болмаса, сұрау хаттың соңы да сиырқұйымшақтанып кетуі мүмкін. Әйткенмен шетелдік нөмір көрсе, шекесі шылқи майға малынатындай көретін адамдар жетерлік.

Оның себебін психолог мамандар пайдакүнемдік пен күйзелістен іздейді. Сымсыз желінің сырын білмей, сыртынан жүрген жандармен жұмыс істейтін психолог Айгүл Қараманова «Алаяқтардың арбауына түскендердің көбі жақындары­нан жылы сөз естімеген қыз-келіншек­тер» деп отыр. Адамның жан дүниесін жан-жақты зерттейтін алаяқтар әдемі сөзімен елітіп, ертегіге бергісіз қиялға жетектеп кете барады екен. Ал психолог Серікгүл Сәли оңай олжаға асығатындардың көбі еңбек етпей мол табыс табуға асығатын тар түсінікте қалып қойғандығын айтады. Демек қазіргідей деректердің ашық­тан ашық саудаға түсіп жатқан кезеңінде адамдардың ашкөздігі мен аңғалдығы да алаяқтардың айын оңынан тудыра берері анық.

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газетінің сайты