Экс-министр Бишімбаев ұсталды

Әйелін аяусыз сабап өлтірді деген күдікпен Қуандық Бишімбаев қамауға алынды. Деректі Ішкі істер министрлігінің өкілдері растады.

Жантүршігерлік жағдай кеше Астананың қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде болған. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін бұрынғы министр жұбайына жұдырық ала жүгірген. Ауыр соққыдан 32 жастағы жары оқиға орнында көз жұмды.

Қайғылы жағдай мейрамханада болған. Қазір нысанда өлі тыныштық. Айналасы қоршалып, қызмет көрсетуі әзірге тоқтатылған. Кешегі оқиғаны Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов растап берді. Қамауға алынған күдіктінің бұрын Ұлттық экономика министрі лауазымын атқарған Қуандық Бишімбаев екенін айтты.

– Ол қамауға алынды. Қазір тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Басқа мәлімет бере алмаймын. Бізде осы іспен айналысып жатқан тергеу бөлімінің қызметкерлері бар. Солар сіздерге кейінірек түсініктеме береді, — деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов.

Министрдің орынбасары күдіктінің қолға түскенін растағанымен, оның сол сәтте есірткі қолданған, қолданбағаны туралы ақпарат беруден бас тартты. Сәкен Сәрсенов бұл деректің егжей-тегжейін айтқан жоқ. Ал бейресми ақпарат көздерінде мейрамханада қаза тапқан марқұм Салтанат Нүкенова жүкті болған деген мәлімет тарап жатыр. Әзірге құзырлы орган аталған фактіні растай қойған жоқ. Қанды қылмыстан соң еліміздің жоғары палатасы әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салмақ.

– Егер отбасында зорлық-зомбылық әрекеті болса, мемлекеттік қызметкер болсын, жеке кәсіпкер болсын, заң алдында бірдей жауап береді. Заңды толық орындау керек. Бұл — үлкен қылмыс. Оны тергеу органдары анықтайды. Әрі қарай жазаны да, жауапкершілікті де сот белгілейді, — деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Күдікті деп қамауға алынған Қуандық Бишімбаев 2016 жылы еліміздің Ұлттық экономика министрлігін басқарды. Ол 2018 жылы наурыз айында аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталған болатын. Бірақ араға бір жыл салып, шартты түрде босап шықты.

Дереккөз: «Алматы» телеарнасы.