Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген ер адамға үкім шықты (видео)

Шымкентте 5 жасар қызды зорлап өлтірген азғын сотталды

Шымкентте 5 жасар қызды зорлап өлтірген азғынға сот үкімі шықты. Екі баппен кінәлі деп танылған Сайдолим Гаийбназаров енді өмірінің соңына дейін түрмеде отырады. 48 жастағы педофилға, сондай-ақ химиялық кастрация жасалып, 100 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Ал қаршадай қыздың қазасына қара жамылған ата-ана Сарыағаш ауданының судьясы мен прокурорларын да айыптап отыр.

Сарыағаштық азғынның ісін бар-жоғы екі ай қараған сот үкімді Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторының ғимаратында оқыды. Жабық сотқа марқұм Еркежанның ата-анасы, адвокаттары мен тілшілер ғана қатыстырылды. 48 жастағы Сайдолим Гайибназаровты адам өлтіру және сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету баптарымен кінәлі деп таныды.

Айдос Сұлтанов, Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
— Аталған тұлғаға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Сонымен қатар қосымша жазалар бар. Химиялық кастрация дейміз, сонымен қатар мәжбүрлі емдеу шаралары, сонымен қатар жәбірленушінің талап арызы толығымен қанағаттандырылып, толық көлемде моральдық зиян өндіру мәселесі өндірілді.

Үкім оқылғаннан соң сотталушы кінәлі екенін мойындаса да, жазасын жеңілдетуді сұраған еді. Оны естіп, онсыз да егіліп жылап отырған марқұм Еркежанның ата-анасы азғынға тұра ұмтылды.

Бұл жаға ұстатарлық жағдай шілде айында болған еді. Ойнап жүрген 5 жасар қызды үйіне алдап шақырған көршісі, онымен ойына келгенін істеген. Нәпсісін қанағаттандырған соң, Еркежанға бірнеше мәрте пышақ сұғып өлтірген.

48 жастағы сотталушы бұрын адам өлтіріп 10 жыл отырып келген. Ал биыл көктемде тағы бір кісінің басынан балтамен ұрғанына қарамастан, жергілікті сот шартты жазамен бостандыққа жібере салған. Осы жағдай қаралы отбасының шымбайына батып отыр.

Нұржан Ережепов, марқұмның әкесі:
— Сарыағаштағы бұны шығарған сот, прокурордың бәрін жазалау керек қой. Өйткені бұлар тиынын алған, ақшасын алған да, сөйтіп бұны шартты түрде шығарып жіберген ғой, басты балталаған, адам Өзбекстанға өтіп өлген. Ол Өзбекстан азаматы болған. Ол да өлген. Тайраңдап жүріп, менің қызымды өлтірді. Ұрығы шығып тұр, киімінен де, Сайдолимнің өзінен де шығып отыр. Қызымнан да шығып отыр.

Еш жерде жұмыс істемеген 48 жастағы азғын жазасын енді өмірінің соңына дейін ең қатал саналатын Қостанайдағы «Қара бүркіт» түрмесінде өтейтін болды.

Ол қылмысқа араққа сылқия тойып барғанын және Өзбекстанда тұратын жалғыз анасының бар екенін айтып жазасын жеңілдетпек болғанымен, онысынан түк шыққан жоқ.

Ал марқұм Еркежанның жақындары көрші тұрған қылмыскердің Сарығаштағы үйін бұзып тастауды талап етіп отыр.

© КТК телеарнасы