Алаяққа алданбау үшін не істеу керек

БІР ТИЫН БОЛСА ДА!

Krisha.kz баспана сатып алғанда не жалға алғанда қажетіңізге жарайтын қауіпсіздік ережелерін еске салады.

«Брондау» үшін ақы сұрайды 

Біреулер жылап-сықтап, көңілді босатса, тағы бірі тапшылықты пайдаланады.
Сценарий көп, бірақ бәрінің көздегені біреу — кепілақы, алдын ала төлем ретінде не брондау үшін ақша алу. Сізді сендіру үшін бөтен кісінің құжатын, басқа пәтердің фотосы мен видеосын жіберуі мүмкін.

  • Не десе де, еш уақытта бейтаныс адамға ақша аудармаңыз.
  • Құжаттарды мұқият тексеріңіз. Фотосы мен көшірмесін қараудың қажеті жоқ. Күмән туса, заңгерге барыңыз. Ниеті таза жалға беруші немесе сатушы бұған қарсы болмайды.

Әдетте әккі қулар 20–30 % арзан пәтер ұсынады. Сондықтан бағасы тым төмен мүлік көрсеңіз, әсте абай болыңыз!

Жалға алғанда келісімшарт жасағаннан кейін ғана төлем жасаңыз.

Риелтормын деп алдайды 

Ақпарат беретін агенттіктер көбіне өзін риелтор ретінде таныстырады. Олардың келісімшартында ақпарат беру қызметін көрсететіні жазылған, сол себепті іс жүзінде олар алаяқ емес. Алайда 10-40 мың теңге берсеңіз, интернеттен тегін табуға болатын хабарландыруға сілтеме жібереді.

Одан бөлек мұндай агенттіктер бір «құпия» базадан пәтер иесінің нөмірін алып беретінін айтады.
Сенбеңіз — бұл жалған!

Егер риелтор көмегіне жүгінсеңіз, келісімшартты мұқият оқыңыз. Онда маман сіздің талабыңызға сай (бағасы, ауданы, орналасқан жері және т.б.) жылжымайтын мүлік тауып беретіні жазылуға тиіс.

Мәміле жасағаннан кейін ғана маман қызмет көрсеткен болып саналады! 

Риелтор мына жағдайларда ақы алады:
— жалға алса — қоныстанған соң;
— сатып алса — сатып алу-сату шартын тіркегеннен кейін.

Бөтен адамның пәтерін жалға береді 

Қылмыскерлер жиі қолданатын тағы бір тәсіл — біреудің үйін жалға беру. Алаяқ тәулігіне берілетін пәтерді жалға алады да, оны өзімдікі деп көрсетеді. Қолым бос емес, жағдайым нашар деген желеумен құжатын кейін берем, келісімшартқа кейін қол қоямыз деп сендіреді.

Алдын ала төлемді не бір айдың ақшасын қалтаға басады да, кілтті ұстатып кете барады. Ал алданған адам біраз уақыттан кейін ғана арамзаның құрығына түскенін түсініп, сан соғып қалады.

Қалай тексереді
Жалға берушіден мына құжаттардың көшірмесін не фотосын емес, түпнұсқасын көрсетуді талап етіңіз:
— жеке куәлік;
— жылжымайтын мүліктің құжаты (сатып алу-сату, айырбастау, сыйға алу, жекешелендіру шарты немесе мұраға алу құқығы туралы куәлік).
Сонымен қатар мүлік иесі туралы мәлімет жазылған анықтама сұраңыз.

Үй иесі брондау үшін ақша немесе кепілақы сұраса, ал агенттік келісімшарт жасауға шақырып, базаға қосу үшін ақша талап етсе, бізге хабар беріңіз. Ол үшін хабарландыру астындағы «Шағымдану» деген батырманы бассаңыз жетіп жатыр.