Ведомствоаралық топтың отырысы өтті

Түркістан облысы әкімдігінде облыс әкімінің өкімімен құрылған қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топтың отырысы өтті.

Қоғамдық қауіпсіздіктің Сервистік тәсілін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға өңірдің құқық қорғау органдарының өкілдері атсалысты. Пилоттық жоба аудан, қалаларда жүзеге асылыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Сервистік модельді дамытудың негізгі бағыттары қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қадамдық қолжетімділік, сондай-ақ, цифрлық технологияларды қолдану болып табылады.

Түркістан ҚПБ бастығы Б.Жанаевтың баяндауынша, ведомствоаралық топпен шетелдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, сканерлеу, талдау, бағалау, шара қолдану секілді төрт кезең бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сервистік моделді жүзеге асыруда негізгі үш векторлары бойынша жұмыс ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтарға ықпал еткен себеп — салдарын жою, халықпен серіктестік пен ашықтық орнату және қолжетімді полиция.

Бірінші кезеңде шаһар 6 секторға бөлініп, күнделікті болып жатқан шақыртулардың уақыты мен орны және шығу себебіне талдау жүргізіліп, полиция нарядттарының бағыттары қайта жасақталуда. Анықталғандай, биылғы жылдың 6 айында тіркелген 9776 шақыртулардың көбі аптаның бейсенбі және сенбі күндері тіркелген. Шақыртудың басым көпшілігі қала орталығы мен халықы тығыз орналасқан аумақтардан түскен. Жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың себеп-салдарына талдау жүргізілуде. Қылмыс жасаған тұлғалардың қайта қылмысқа бару себептеріне, жасөспірімдермен жасалған қылмыстарға, алаяқтық қылмыстарға, жол көлік оқиғалары және отбасы тұрмыстық қатынастағы қылмыстар саралануда. Жалпы тіркелген 331 қылмыстың басым бөлігі түнгі мезгілде орын алған. Қылмыстар көңіл көтеру орындарында, базарлар мен дүкендерде орын алғаны анықталды.

— Түркістан қаласындағы 1500 кәсіпкерлік нысандарында түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізіліп, кәсіп иелері бейнебақылау камераларын құрып, күзет қызметтерімен келісімшарт жасады. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қаладағы қоғамдық көліктер ішкі және сыртқы бейне бақылау камераларымен қамтылды. Нәтижесінде қылмыстар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 37,1 пайызға төмендеді. Қоғамда өзекті болып тұрған алаяқтық қылмыстары бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 6 айда 44,8 пайызға төмендеді. Интернет алаяқтық қылмыстары 22,5 пайызға төмендеді,- деді өз сөзінде Түркістан ҚПБ бастығы Б.Жанаев.

Полиция басқармасымен аптаның демалыс және мереке күндері қала аумағында 46 рет «Қауіпсіз қала» жедел-профикалактикалық іс-шаралары өткізілді. Учаскелік полиция инспекторларының тұрғындарға қолжетімді болуын қалыптастыру мақсатында, Түркістанда 11 учаскелік полиция пункттерін салу жоспарлануда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі сервистік модельдің алар орын ерекше.

— Полиция – әрқашан мемлекеттің тірегі, әділеттілік пен тәртіптің айнасы, еліміздің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі. Сервистік модельді енгізу тығыз өзара іс-қимыл арқылы нәтижеге қол жеткізілетінін ескере отырып, жаңа модельді дамыту қоғамның және барлық мүдделі тараптардың қатысуын талап етеді. Қоғаммен тығыз қарым-қатынасқа негізделген сервистік модель барлық проблеманың әмбебап құралы болып табылмайды, алайда қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдарының бірі. Полиция мен халық қатар әрекет етіп, жұдырықтай жұмылғанда ғана, біз қауіпсіз қоғамды құра аламыз,-деді ол .

Мұндай топтың болуы тұрғындар үшін тиімді. Өйткені олар полиция ғимаратына бармай-ақ, осы жақта полиция мен әр саладан бірлескен мамандардың көмектеріне жүгіну арқылы мәселелерін тез шешуіне болады. Полицияның күнделікті қызметінен бөлек, бұл топ халықпен өте тығыз байланыста жұмыс жасайды.