Түркістан облысында 11 адам суға кетті

Кеше, 21 тамыз күні Түркістан облысы Отырар ауданында бір әулеттің 11 адамы суға кеткені туралы хабарланды. Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Мира Мүсілім оқиғаның қалай болғанын баяндады.

Әкімдіктің баспасөз хатшысының айтуынша, төрт ағайынды азаматтың отбасы отбасылық іс-шарадан қайтып келе жатып, демалуға өзенге тоқтаған. Сол жерде олардың балаларының бірінің аяғы тайып кетіп, ондағылар құтқаруға ұмтылған.

«Олардың барлығы тойдан кейінгі киімде болған. Арнайы өзен жағасына суға шомылуға не демалуға бармаған», — деп пікір білдірді ол.

ТЖД ақпаратынша, суға кеткендер өзен жағасына демалуға келген 20 адамнан құралған 4 отбасының мүшелері.

ТЖМ мәліметінше, суға батқан 11 адамның ішінен ТЖД күшімен 9 адамның, оның ішінде 3 әйелдің және кәмелетке толмаған 6 баланың денесі табылып, судан шығарылған, кәмелет жасына толмаған 2 баланы іздестіру жұмыстары жалғасуда. 

Ведомство іздеу жұмыстарына барлығы 150 адам, 18 техника, 2 дрон және 6 жүзу құралы жұмылдырылғанын атап өтті.

«Тек шомылуға рұқсат етілген жерлерде суға түсіңіздер! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар! Мас күйінде суға түсуге тыйым салынады», — деп ескертті ТЖМ өкілдері.

Еске сала кетсек, оқыс оқиға 21 тамызда Түркістан облысы Отырар ауданы, Көксарай елдімекенінен 3 шақырым жерде Сырдария өзенінде болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 11 адам суға түсуге арналмаған жерде суға түсіп, батып кеткен.