Танысы алдап соқты

Адамдар басқа-басқа өз таныстарынан күйіп жүрген жағдай жиілеп барады, деп хабарлайды Xnews ақпарат агенттігі.

Бір кәсіпкерге бейтаныс телефоннан қоңырау соғылады. Суреттер жіберіледі. Интим фотолар. Осының әлеуметтік желіге саламын, әйеліңе жіберемін деп қорқытады. Ауызбастырық үшін 100 мың доллар сұрайды. Аты шығып жүрген кәсіпкерге әрине, айдай әлемге масқара болу қиын. Сұраған ақша да аз емес. Ойланып құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінеді. Полициямен келісіп, әлгі азаматқа алғашқы транш деп 10 млн. теңге бермек болады. Жасыратын жерді келіседі.

Әлгі азамат 10 млн. теңгені алып жатқанда полиция ұстайды. Оқиға орнына келген кәсіпкер өзіні бопсалаушы жақын досы екенін танып, таң тамаша болады. Сүйтсе сенген досы бұл мас болғанда телефонындағы барлық құпияларын өз телефонына жүктеп алған екен

Қазығұрттық тұрғында танысынан күйген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы сеніміне кіріп, үш күн ішінде тұрғын үй құжаттарын жасап беремін деген желеумен алдын ала 85 мың теңгесін алған. Алайда арадан біршама уақыт өтсе де, ол жәбірленушіге берген уәдесін орындамаған. Өзінің сан соғып қалғанын түсінген тұрғын, полицияның көмегіне жүгінді.

Тәртіп сақшылары аталған фактіні ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.

Қазығұрттық полицейлер болған оқиғаға байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті.

Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті әйел адам анықталып, полицияға жеткізілді. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұқсас жағдай Қызылорда облысында да орын алған.

«Полицияға ер адам арызданып, сәуір айынан бері белгісіз әйелдер жеке сипаттағы суреттері мен хаттар үшін 500 мың теңге талап еткендігін айтқан.

Аталған факті бойынша Қызылорда облысының Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде облыстың 3 тұрғыны ұсталды.

Бұл қыздар Facebook-те жалған аккаунт құрып, абыройға нұқсан келтіретін мәліметтерді әлеуметтік желіде таратып жіберу желеуімен ақша бопсалаған.

Бопсалаушы қыздардан жапа шеккен 8 тұлға анықталды. Заттай дәлелдеме ретінде бірнеше телефон, қолма-қол ақша және банк карталары тәркіленді», — делінген полиция ақпаратында.

Мәлім етілгендей, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

«Екі күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды, үшіншісіне қатысты «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ күдіктілердің осыған ұқсас деректерге қатыстылығы тексеріліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», — делінген хабарламада.

Жалпы, Қазақстанда соңғы кездері ер адамдарға жас қыздардың жалаңаш суреттерін жіберіп, торына түсіретін, сол арқылы кейін ақша бопсалайтын алаяқтар саны күрт артқан.

“Фейсбукте” қырықтан асқан ер адамдарға жас қыздар атынан алаяқтар интимді әңгіме төңірегінде сөз қозғау жағдайы бірнеше рет тіркелген. Ал олар өздерінің интимді фото, видеоларын беттерін көрсетпей түсіреді. Ал ер адамдар болса өздері туралы мәліметті толық айта салып, тіпті өзін толықтай видеоға түсіріп те жібере береді. Ал ондай бейнематериалдар көптеп жиналғаннан кейін алаяқ қыздар бірнеше мың доллар сұрап бопсалай бастайды”, – дейді Қазақстан интернет-ассоциациясының президенті Шавкат Сәбиров.

Интернет-алаяқтардың қармағына тіпті ауқатты, сыпайы отбасы мүшелері де түсіп қалады.

“Ішкі істер министрі айыппұл салған, компьютерлері вирусқа толған қазақстандықтар да бар. Айыппұлды танымал төлем жүйесі арқылы электронды түрде төлеу керек. Ал кері жағдайда алаяқ құрбаны жазаға тартылады”, – дейді Шавкат Сәбиров.

Сәбиров қазақстандықтарды интернет қауіпсіздіктен сақтайтын мемлекеттік бағдарлама керек деп санайды. Дамыған елдерде ондай бағдарлама әлдеқашан жолға қойылған екен. Айтпақшы, Касперский зертханасының мәліметінше, Қазақстан алғашқы жарты жылдықта вирустар шабуылдаған қолданушылары көп бірінші мемлекет екен.

Интернет-қолданушының жеке өміріне веб-камера арқылы қол сұғу – хакерлердің жаңа тәсілі. Виртуалды қылмыскерлердің шабуылына ұшырау бойынша Қазақстан алдыңғы орындардан көрінген.

Жуырда ғана Фейсбуктың негізін қалаушы Марк Цукерберг өзінің жұмыс орынында суретке түсіп желіге жариялаған еді. Онда ол ноутбугының веб-камерасы мен микрофонын скотчпен бекітіп жауып тастаған. ол осы арқылы қауіпсіздікті сақтауды жөн деп тапса керек. Веб-камераларды бұзу фактілері Қазақстанда да тіркелген. Әзірге олардың қауіптілік аймағы Алматы және Семеймен шектеліп тұр екен. Мамандар олар алдағы уақытта кеңістіктерін кеңейте береді деп қауіптенеді.

“Бізде әлі күнге ақпараттық қауіпсіздікке деген толыққанды мұқият көзқарас қалыптаспаған. Бұл процестен хабары бар кез-келген адам қазақстандықтардың веб-камераларын бұза салуы мүмкін”, – дейді бағдарламалаушы Қанат Өміркен.