Шымкентте футбол жанкүйерлері мен ойыншылар төбелесіп қалды

Кеше Шымкент қаласындағы «Биик» шағын стадионында «Қайрат-жастар» және «Оңтүстік» жастар құрамаларының кездесуі өткен еді.

Ойын барысында алматылық команда ойыншылары мен жергілікті жанкүйерлер арасында жаға жыртыс болды.

Төрешілер ойыншыларға шара қолданды. Сондай-ақ  жергілікті команданың жанкүйерлері полиция бөліміне жеткізілді.

«Полицияға шағым түскен жоқ. Ал жанкүйерлерге футбол матчтарында өзін-өзі дұрыс ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді», делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ал футбол туралы айтар болсақ, Қазақстан Бірінші лигасының 19-туры аясындағы ойында «Қайрат-Жастар» «Академия Оңтүстікті» жеңді.

Бірінші лига, 2023. 19 тур

«Академия Оңтүстік» — «Қайрат-Жастар» 2:3

Гол соққандар: Амангелді 28 (1:0), Попов 33 (1:1), Попов 52 (1:2), Тоқтыбай 76 (2:2), Күшкімбаев 88 (2:3).