Полиция департаментінде интернет-алаяқтықты болдырмау мақсатында ауқымды басқосу өтті

Түркістан облысы полиция департаменті «Cyberpol» арнайы тобының бастамасымен облыс көлемінде тергеушілерді қатыстыра отырып, интернет-алаяқтық бойынша дөңгелек үстел өтті.

Жиын барысында алаяқтық қылмыстарын анықтау, ашу, тергеу және алдын алу бойынша мәселелер талқыланды. Екінші деңгейлі банк өкілдері, прокуратура мен полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, пікір алмасты. Бірқатар маңызды проблемаларды заңнама деңгейінде шешілуге жататындықтан жоғары тұрған органдарға ұсыныс ретінде жіберу қажеттігі атап өтілді.

Осы бағытта жұмыс жасау қажеттігін түсінген құқық қорғау органдарының өкілдері халықты интернет шабуылдарынан қорғау үшін білімдері мен өкілеттіктерін біріктіруге уағдаласты.

Өз кезегінде іс-шараның барлық қатысушылары тұрғындарға белгісіз қоңыраулар мен күдікті тұлғаларға сенуге болмайтынын, қажет болған жағдайда банк менеджерлерінен қаржылық операцияларыңыздың барлық мәліметтерін тексеруге немесе ресми жауап алуға болатынын ескертті.

Атап өтсек, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алаяқтық қылмысы 6%-ға төмендеген. Талайды сан соқтырған алаяқтық қылмысына жол бермеу мақсатында, Түркістан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы қызметкерлері халыққа интернет-алаяқтықтың түрлері туралы ақпарат жеткізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, тәртіп сақшылары түрлі үнпарақтар таратып, көрнекі ақпараттар орналастыруда. Тіпті телеарналар, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықтан қалай қорғану туралы бейнероликтер көрсетілуде.

Мұның барлығы алаяқтық қылмысын жоюға айтарлықтай өз септігін тигізеді деген үмітпен, бұл бағыттағы шаралар ұдайы жалғасын таба бермек.

Түркістан Облысының Полиция Департаменті