Киберқылмыстық топ сотталды

Қазақстандықтардың есепшотынан 65 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған. Шымкентте өткен сот отырысында алаяқтық жасады деп айыпталған алты адам сотталған. Бұл туралы IIM-нің ресми Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы хабарлады.

Басылым мәліметінше, Шымкентте қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңгеден астам қаражат жымқырған киберқылмыстық топ сотталды.

Медиа-порталдың жазуынша, тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталған.

«Банктің жалған қызметкерлеріне сенген азамат 4 млн теңгесінен айырылған. «Банкирлер» белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оның қаржысына қол сұғу ықтималдығы туралы хабарлап, ақшасын сақтап қалу үшін телефон арқылы бірнеше онлайн операцияларды орындауын сұрады. Осылайша, қала тұрғыны екі несие рәсімдеп, оларды «қауіпсіз» шоттарға аударған», — деп жазады басыдым.

Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Іздестіру шараларына қалалық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес жөніндегі арнайы тобы жұмылдырылған.

Полиция мәліметінше, атқарылған бірқатар жедел жұмыстың арқасында күдіктілердің ізіне түсіп, қылмысты бүкіл ел бойынша әрекет еткен алаяқ топ жасағаны белгілі болған.

«Шымкенттік 6 тұрғын жарты жылда 27 қазақстандықтың 65 млн теңгеден астам қаражатын қолды еткен. Зардап шеккендердің арасында Астана, Алматы, Петропавл, Көкшетау, Орал, Қарағанды және басқа да аймақтардың тұрғындары бар. Полицейлер қылмыстық топтың 4 мүшесін мегаполис пен Түркістан облысының аумағында ұстаса, қалған 2-уі халықаралық іздеу нәтижесінде Ресейден табылды», — делінген басылым таратқан ақпаратта.

Басылымның жазуынша, тергеу барысында олардың әрқайсысының өз міндеті болғаны анықталған. Біреуі көшбасшы рөлін атқарды және тапсырмалар беріп отырған, басқалары “дропперлерді ” тапса, ал қалғаны түскен қаражатты банкоматтардан шешіп алумен айналысқан.

Сот үкімімен алаяқтар үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылды.