Киберқалқанымыз қашан бекиді?

Интернет кеңістіктегі қызмет көрсету аясы кеңіген сайын киберқылмыс түрлене түсіп, айла-тәсілі көбейіп келеді. Онымен күресу де күрделі бола түсті. Өйткені қазір кибермандардың ізін кесу, қолға түсіру зор білім-білікті қажет етеді. Ендеше, бұл – қуаяқтардың қақпанына түсіп, сан соғып қалған жәбірленушілердің бәріне бірдей көмектесу мүмкін бола бермейді деген сөз…

Жаһандану заманының індеті ме?

Технологияның қарыштап дамуы адамзат өмірін жеңілдете түскенімен, онымен ілесіп кесір-кеселдің де түр-түрі қаулап өсіп келеді. Солардың ішінде сәт санап қыруар адамды орға құлататын киберқылмыстың қауіп-қатері зор болып отыр. Бұл – әлемдік ғаламтор арқылы жасалатын қылмыстың мутацияланған жаңа түрі. Тарихқа көз жүгіртсек, киберқылмыс ұғымы сонау 60-шы жылдары америкалық басылымдарда пайда болып, дүние жүзіне таралған екен. Ал 1983 жылы оған криминологиялық айқындама беріліпті. Оның жаңа ғасырда өрши түсіп, бүгінде аяқ алып жүргісіз құбылысқа айналғанына бәріміз куә болып отырмыз.

Әлбетте, киберқылмыспен күресуге Қазақстанда да барынша қам-қарекеттер жасалып жатыр, жылдан-жылға ерекше мән беріліп келеді. Дегенмен, деректің аты дерек, бүгінде елімізде жасалған кибералаяқтықтардың бар болғаны 22 пайызы ғана ашылады екен. Сарапшылардың мәліметінше, он алаяқтың жетеуі жазадан құтылып кететін көрінеді. Оның сан түрлі себебі бар. Солардың бірі – алаяқтардың көбінесе қылмыстық әрекеттерін шетелде отырып іске асыратыны. Сондықтан полицейлерге қылмыскерлердің тұлғасын анықтау қиынға түседі. Киберқылмыспен күресушілердің айтуынша, жәбірленушілер өте жиі ұрынатын алаң – онлайн сауда. Интернеттегі сауда-саттықтың әдіс-айласы көп және бірін-бірі қай­таламайды. Алаяқтар адам сеніміне кіруді шебер меңгерген. Одан кейінгі орында банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жал­ған онлайн несиелерді тіркеу деректері тұр. Мұндай қылмыстардың дені түрлі жобаларға инвестиция салу, бәс тігу, ойын  және басқа да «қажеттіліктерге» ақшаны тиімді инвес­тициялау деген желеумен жасалады екен. Оның сыртында, тұрғындарға өздерін банктердің, құқыққорғау органдарының қызметкері болып таныстырып, қаскүнемдік пиғылын іске асыратын алаяқтар қатары көбейген.

Қазір киберқылмыстың асқынғаны соншалық, тәртіп сақшыларының құрығының қысқа екенін білетіндіктен, азын-аулақ ақша­сынан айырылғандар құқық қор­ғау органдарына жүгінбейтін де болған. Статистика деректеріне сүйенсек, өткен жылы интер­нет алаяқтарының қақпанына 36 мыңнан астам адам түсіпті. Ал жыл басынан бері кибер­қылмыс қайтадан өршіген. Қаңтар-ақпан айларында құқық қорғау органдарына онлайн алаяқтардың арбауына түскен 3 400 адамнан өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Бұл күрестегі ең қиын нәрсе киберқылмыскерлердің тұлғасын анықтау болып отыр…   

«Киберполдан» нәтиже бар ма?

Соңғы алты айда тіркелген деректер жаға ұстатады. Қазақстанда соңғы алты айда тоғыз мың киберқылмыс жасалыпты. Оның ішінде ашылғаны – 2 мың ғана қылмыс. Мұны ІІМ Криминалды полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес орталығы өкілдері таяуда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген еді.

Қылмыстың бұл түрлерін ашудың өзіндік нюанстары бар. Құқыққорғау органдары қылмыс елден тыс жерден жасағанын анықтаса, шетелдік әріптестерімізбен ақпарат алмасу тұрғысында қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайларда уақыт созылып кетеді, — деген болатын аталған орталықтың  бастығы Жандос Сүйінбай.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, елде мұндай қылмысты ашудың тиімдігін арттыру үшін халықаралық конвенцияға сәйкес заңнама енгізу процесін қолға алу және оны ратификациялау міндеті тұр.

Қазір елде жыл басынан бері «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін «CyberPol» пилоттық жобасы іске асырылуда. Мұнда құқыққорғау органдарының бірнеше бөлімінің мамандары жұмылдырылған. Бұл жоба Қостанай облысында да маусым айынан бері жұмыс істеп жатыр.

Департамент базасында Ақпараттық жүйелерді пайдаланушыларға қатысты жасалған қылмыстарды ашу және тергеу үшін «Сyberpol» соққы-нысаналы тобы құрылды. Оған барлығы 4 тергеуші мен үш жедел уәкіл, сондай-ақ облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі жұмылдырылды. Олардың барлығы тек жоғары технологиялар саласындағы қылмыстарға маманданған, — деді «Сyberpol» бөлімшесінің бастығы Олжас Мағыпаров.

Жалпы, шілде айындағы дерек бойынша, облыс көлемінде 540-тай интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 121-і ашылған. Таяуда біз сөз еткен «Сyberpol» бөлімшесінің қызметкерлері алаяқтарға зейнеткерлерден ұрланған ақшаларды шешіп алып беріп отырған 16 жастағы дроперді қолға түсірді. Шығын көлемі 6 млн теңгеге тең. Бейтанысқа сеніп, сан соғып қалған қарттардың бірі қостанайлық 72 жастағы зейнеткер екен. Қуаяқтар оның үй телефонына қоңырау шалып, немересі Германияда жол апатына түскенін айтып, 4 млн теңге аударуға дайындалуын сұраған. Қария талап етілген ақшаны жинап, үйіне келген жігіттің қолына ұстатып жіберген.

Полицейлер осыған ұқсас қылмысты әшкереледі. Осындай жолмен азаматтарды алдап, 20 млн теңгені қолды қылған қызды ұстады. Бірақ ол қылмысын жасыру үшін түр-әлпетін өзгертіп алған. Ол ақшасын алуға келген кезінде қолға түсті. ҚР ҚК 190-бабының 3-тармағына (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды, — дейді Мағырапов.

Мұндай мысалдардың неше түрін келтіруге болады. Мұқият ойластырылған әрқилы қылмыстық схемалар кездеседі. Бір әттеңі, олардың барлығын бірдей дер кезінде әшкерелеу мүмкін бола бермейді. Сондықтан, полицейлер алдын алу шараларын күшейте түсуде. Тәртіп сақшылары облыстың барлық зейнеткері мен тұрғындарына алаяқтар арбауына түспеу үшін бейтаныс адамдардың талаптарын орындамас бұрын полицияға хабарласуды сұрайды.

Әрнеге тез сеніп қалатын үлкен жастағы туыстарыңызбен сөйлесіңіздер. Сіздердің қатысуларыңызсыз мұндай жағдайларда шұғыл шешім қабылдамауын ескертіңіздер. Сақтық шараларын естен шығармаңыздар! — делінеді полиция хабарламасында.

Шынымен де, қазіргі таңда қыруар ақшамнан айырылдым деп етегі жасқа толып отыратын адамдардың оқиғасын күн сайын еститін хәлге жеттік. Бірі түскен орға екіншісі құлап жатқан шарасыздарға не аяушылықпен қарарыңды, не ренжіріңді білмей отырғаның… Былай қарасаңыз, бұрын қалтарыс-бұлтарыста қапы қалдырып кететін қалта қаққыш қулар бүгінде онлайнға көшіп алғанын түсінетін уақыт жеткен де сияқты. Бірақ жапа шеккендердің көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Қазір алаяқтар халықтың әлеуметтік қалаулары мен тұрмыстық тұтыну тетіктерін тап баса алады. Виртуалды әлемнің ықпыл-жықпылын ақтарып, бес саусағындай меңгеріп алған баукеспелер аңғал жұрттың арқасында олжа табуды үлкен кәсіпке айналдырды. Жаһандану заманының суаяқтары көбіне «кардинг», «фишинг» делініп жүрген тә­сіл­дерді қолданып, тұтынушылардың ЖСН, төлем картасының немесе шоттың де­рек­тері, SMS-хабарлама коды және тіпті ЭЦҚ ко­ды сияқты жеке деректерді ұр­лаумен айналысады. Мамандардың өзі мойындап отырғандай, «тіс қаққан», әдістенген интернет алаяқтарының жолын кесу оңай емес. Бірақ бір ғана қалқанның бар екенін естен шығармау керек, ол – сақтықты естен шығармау ғана!

Дереккөз: el.kz