“Жер алып беремін саған”

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы “12 соттық жер алып, заңдастырып беремін” деп сендіріп, 900 мың теңгеге жуық ақшасын жымқырған. Алайда бір жылдан астам уақыт өтсе де, не жерін ала алмаған, не ақшасын қайтармаған.

Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеді.

Тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғынды уысына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілді.

Белгілі болғандай, күдікті ірі көлемдегі ақшаны өзінің жеке бас пайдасы үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұқсас жағдай Ақмола облысында орын алған. Жергілікті тұрғын өзінің жер учаскесін екі рет сатқан.

Ведомство мәліметінше, Целиноград аудандық полиция бөліміне Астана қаласының тұрғынынан алаяқтыққа қатысты арыз түскен. Залал сомасы 3,5 миллион теңгені құрады.

Арыз берушінің айтуынша, жергілікті тұрғын оған басқа біреудің жер учаскесін сатқан. Ер адам бұл туралы алаяққа қолма-қол ақша беріп, құрылыс материалдарын жеткізбек болған кезде ғана білген.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады және оған қатысты тергеу амалдарын қолға алды. Белгілі болғандай, күдікті жер учаскесін бұған дейін облыстың өзге тұрғынына сатқан. Алайда ол жерге меншік құқығын тіркеп үлгермеген. Ер адам бұл жағдайды пайдалануға тырысып, жерді басқа адамға сатып жіберген. Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды», — деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары жер телімін сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын, оның тарихын біліп, учаскемен барлық заңды әрекеттер туралы анықтаманы сұрап, заңгерлердің көмегіне жүгінуді ұсынады.

Жер телімдеріне қатысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 30 жылда ауылдың жері көрінгеннің қолында кеткен. Жер саласындағы халық үшін түбегейлі реформа қажет екенін айтқан еді.

Мәжіліс депутат Бақытжан Базарбек жер саласындағы олигархтар мен сыбайластык жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін айтты.

«Жер реформасын бастау керек және жер реформасынын негізгі бағыты жер саласындағы олигополиядан шынайы арылу керек, жер саласындағы монополиялардың қалыптасуына құқықтық жолмен тойтарыс беруіміз қажет. 30 жыл бойы ауылдың жері көрінгеннің қолында қолды болып кеткен. Зансыз халықтың ауыл шаруашылық жерлеріне ие болғандар оны игермей, дереу оны сатуға не банкке кепілге қоюға тырысатын. Екі ортада сыбайлас жемқорлықтың нәтижесінде зардап шеккен қарапайым халық және мемлекеттің муддесі. Сондыктан да алдағы уақытта жер саласындағы халық үшін түбегейлі реформа қажет. Реформаның негізгі мақсаты халықтың жер қатынастарында құқықтарын күшейту және мемлекеттік қорғау болу керек», — деді ол.

Ол жер саласында кәсіби сарапшы ретінде бірқатар шешім ұсынды.

«Біріншіден, жер кадастрының ашықтығын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылық мақсатындағы жер иелері аты-жөндерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Мыңдаған, миллиондаған жерлердің иелерін біз және Қазакстан халқы білу қажет. Екіншіден, жерге бақылау жасайтын мемлекеттік орган әкімге де, ауыл шаруашылық министрлігіне де бағынбайтын, дербес, Үкімет құрамына кіретін тәуелсіз, дербес Жер ресурстарын басқару Агенттігін құру қажет. Үшіншіден, мемлекеттік жер кадастрін бір қолға беру қажет, яғни Цифрлық даму министрлігінен жер ресурстарын басқару Агенттігіне беру қажет. Төртіншіден, жер саласындағы сыбайластық жемқорлық пен жерге қатысты жасалған махинациялардың алдын алу үшін тергеу шараларын ұйымдастыру кезінде жемқор шенеуніктердің өз атында рәсімделген және заңсыз шығарылған жерлерін тәркілеп қана қоймай, жерді тәркілеу шарасын олардың әйелдері, ата-анасы, жақын бауырлары мен балаларының атында рәсімделген жерлерге тарату кажет», — деді ол.

Бақытжан Базарбек атағандай, «Казақмыс» корпорациясы, «Арселор Миттал Темиртау», «ТенгизШевройл», Карашығанак сияқты ірі компаниялардың жер қойнауы контрактілері мен жекешелендіру шарттарын жариялауымыз қажет.

«Алтыншы, жер саласындағы сыбайлас жемқорлық пен жерге қатысты жасалған махинацияларды алдын алу үшін ЕГКН электрондық порталдың платформасында заңсыз шығарылған әкімдердің қаулылары мен алаяқтықпен жерге қатысты жасалған шарттарды онлайн мемлекеттік тіркеуді бұғаттау және бас тарту жүйесін енгізу керек», — деді депутат.