Интернет арқылы алдап соққан

Бұл бүгінде қалыпты жағдайға айналып келеді. Түркістан облысының тұрғыны интернет арқылы бір қызбен танысып, екеуі ұзақ уақыт сөйлесіп жүреді. Бір-бірін көрмесе де «ғашықтың тіл-тілсіз тілге» түсіп, бір-бірін ұнатып қалады. Әбден сенімге кірген соң қыз қиналып, ақша сұрайды. Қарызға.

Қызының сөзіне сенгені соншалық, жігіт 2 млн. теңге аударып жібереді.

Осыдан кейін-ақ қыз байланысқа шықпай қалады. Күдіктенген жігіт полицияға шағымданады. Ең қызығы, екеуінің беттесуінде болады. Жас жігіттің қыз болып сөйлесіп жүргені еңгезердей еркек болып шығады. Жас қыз болып сөйлескен еркен кінәсін мойындайды.

Бүгінде күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Ұқсас жағдай Абай облысында да орын алған.

22 жастағы Абай ауданының тұрғыны мамыр мен шілде айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен хат алмасып отырған. Желідегі екеуара әңгіме жарасқаны соншалық, жәбірленуші азамат қашықтан байланысқа шығып жүрген қызға 2 миллион теңге ақшаны қалай аударып қойғанын білмей қалған. Қыз байланысқа шықпай қойғанда ғана жәбірленуші алданғанын түсінген.

«15 шілдеде Абай аудандық полиция басқармасына алаяқтық бойынша арыз түскеннен кейін тәртіп сақшылары жедел әрекет барысында күдіктіні анықтады. Оның 27 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Жәбірленуші күдіктімен беттестіру барысында таң қалғаны соншалық, сөйлесіп жүрген қыз еңгезердей ер-азамат болып шықты», делінген полиция хабарламасында.

Күдікті тергеудің қорытындысы бойынша заң аясында тиісті жазасын алатын болады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Ал, Елордада Ресейлік келіншек «сымбатты жігіт кейіпіне еніп» астаналық әйелдерді алдаған.

Әлеуметтік желіде 26 жастағы бойжеткеннің «Никита» деген лақап атпен жалған профиль ашып, әйелдерге ғашық болған кейіп танытып, олардан ақша алып жүргені анықталды. Атап айтсақ 31 жастағы елорда тұрғыны әлеуметтік желінің алаяғына алданып, 130 мың теңге аударып жібергенін айтып, полицияға жүгінген.

«Ер адамның атын жамылған күдікті романтикалық хат алмасу барысында өзіне тіркелген адамдардың сеніміне әбден кіріп алған. Олардың сеніміне кіргені соншалықты интимдік сипаттағы фотосуреттерін алып, оларды әлеуметтік желіге саламын деп қорқытқан. Сөйтіп фотосуреттерін таратпауды өтінген бикештерден ақша талап етіп отырған», делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында елордада осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын сотталған 5 алаяқтық іске қатысы бар Ресей азаматшасы анықталды.

Қазіргі уақытта Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шетелдік ұсталып, түзеу мекемесіне қамалды.

Полиция департаменті азаматтарды желідегі танысудан сақ болуға шақырады.

«Виртуалды таныстарға шамадан тыс сену қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Сіз оларға жеке ақпаратты жария етпеуіңіз керек және сізге қауіп төндіретін интимдік фотосуреттермен бөліспегенің жөн», дейді елордалық полицейлер.

ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай:

Егер қылмыс жасаған адам шет мемлекеттердің аумағында болса, онда істі тергеу қиындайды. Өйткені, ол елдің құзырлы органдарымен ақпарат алмасу сияқты процестер ұзаққа созылады. Алайда, біздің қызметкерлер қылмыстың дәл қай жерде отырып жасағанын нақты анықтай алады.