Алаяқтар әлі де айылын жияр емес (видео)

Елімізде жыл басынан бері алаяқтардан түскен 36 миллионнан астам телефон қоңырауы бұғатталды. Мамандардың айтуынша, олардың көбі банк қызметкерлерінің атын жамылып хабарласады. Ішкі істер министрлігі «антифрод» деп аталатын жүйе арқылы айлакерлерден зардап шеккендер санын шамамен 3 есе азайтқан.

Элизавет Громой ай мен күннің аманында телефон алаяқтарына қалай алданып қалғанын түсінбей дал. Оған белгісіз нөмірден қызының дауысын салып қоңырау шалады. «Полиция ұстап әкетті, мені тез арада құтқар» деп жылап тұрған дауысты естіп өзінің қызы екен деп сеніп қалған. Іле-шала бейтаныс біреу қайта хабарласып, қомақты ақша жіберсе, жауапкершіліктен босататынын айтыпты.

Елизавета Громова, Теміртау қаласының тұрғыны:
— Мен қызымның дауысына ұқсайтын болғасын қатты қорқып кеттім. Хабарласқан адамға еш ойланбастан ақшаны аударатынымды айтып, қызымды жіберуін өтініп жалбарындым. Ол да өте асығыс адам сияқты болды.

Үрейі ұшқан зейнеткер қоңыраудан кейін полицияға хабарласты. Құқық қорғау органдары жедел қимылдап, алаяқтарды ақша жіберген шот арқылы бірден ұстады. Әккі айлакерден 18 мың еуро тәркіленді. Аса ірі мөлшерде алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Аслан Өскембаев, облыстық ПД ПКП бастығының м.а.:
— Құрметті жерлестер сіздерге полиция қызметкері немесе сіздің жақын туысыңыз қоңырау шалып, белгілі бір ақша үшін қылмыстық жауапкершіліктен бас тартуды және мәселені шешуді сұраса, қырағы болуды сұраймын. Оларға сенбеңіз, телефонды тастап полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Елімізде киберқылмыс пен интернет алаяқтықты «Киберпол» әшкерелейді. Бұл ІІМ-нің жаңа арнайы бөлімшесі әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Елордада былтыр желтоқсанда іске қосылды. Өзге өңірлерде осы жаздан бастап жұмыс істей бастады. Онда тәжірибелі тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер мен IT-мамандар бар. Заманауи цифрлық зертхана гаджеттерді тексеруге және желілік алаяқтар қолданатын бағдарламаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Жандос Сүйінбай ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:
— Бұндай қылмысты ашуға мүмкіндік бар. Барлық жағдай бар. Арнайы бағдарлама жасақтама бар. Жаңа шетелдің, өзіміздің Отандық бағдармаларды қолдану арқылы қылмыстардың сәтті жүргізіп жатырмыз. Алаяқтар бірінші кезекте қоңырау шалғанда өздерін банк қызметкерлері, полиция қызметкерлері ретінде звандайды. Бұл алаяқтықтың түрі қазіргі уақытта кең таралған. Өзінің жеке деректерін, код деректерін, счет деректері барлығы конфециалдық ақпарат. Сондықтан алаяқтарға бұндай ақпараттарды айтпаған дұрыс.

Киберполицейлер «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни, олар жәбірленушілермен барлық тергеу жұмыстарын бір жерде жүргізеді. Қазір өтініштерді қабылдау үш есе жеңілдей түскен. Бұрын тіркеу процесі шамамен 20 күнге созылатын.

Аят Естілеуов, Нұра ауданы полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары:
— 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап, кешегі күнге дейін 450-ден аса қылмыстық істер ашылып, сотқа жолданған. Бұл тек Астана қаласы бойынша. Есіл ауданы бойынша 50 млн шығындар орындарына қайтарылған. Интернет алаяқтармен күресудің алғышарттары тек тергеуші, жедел уәкілдің, криминалистің үйлесімді жұмысынан бөлек, осы саладағы мамандардың информазтизация саласындағы біліктітіліктерін арттыру дәрістері, сабақтары да көп әсерін тигізеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда киберқылмыс деңгейі бес есе ұлғайып кеткен. Жыл басынан бері елде осындай 11 жарым мыңнан астам қылмыс тіркелді. Оның 500-ін киберполицейлер әшкереледі. Арнайы бөлім қызметкерлері алаяқтар жымқырған 90 млн теңгеге жуық қаржыны кері қайтарды. Бүгінде 30 млн теңгеден астам қаражат өз иесін тапқан.

© Хабар 24