4 млн берсең, сені әкім қылам

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық жасау фактісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Xnews.kz соттың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Д. есімді азамат А-дан Кентау қаласының әкімі лауазымына жұмысқа орналастырам деген уәдемен 4 млн теңге сомасында ақшалай сыйақы сұрап, оның 650 мың теңгесін алдын ала алған. Одан бөлек, аталған азамат М-дан 3,6 млн теңге көлемінде ақша алып, жалпы сомасы 4 млн теңгеге банк директоры лауазымына орналастыруға уәде еткен. Сотталушы өз кінәсін толық мойындамады. Д-ның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, хат-хабар скриншоттарымен, аудиохабарлама және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді», — делінген сот үкімінде.

Үкімде айтылғандай, айыпталушыға жаза тағайындау барысында келген шығынның жартысын қайтарғаны және 3 кішкентай баласының бары ескерілді.

«Сот үкімімен Д-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1, 4 тармақтарының 3-тармақшасына сәйкес кінәлі деп танылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды» деп жазылған елорда сотының ресми ресурсында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.