Цифрлы алаяқтар апаны

2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, цифрландыру үрдісін қоғамның барлық саласына енгізу ісі қолға алынғаны белгілі. Бұл – заман талабы. Дегенмен бүгінгі қоғамды «санмен» байланысты екі мәселе алаңдатып отыр. Бірі – сандар арқылы тағдырыңды, болашағыңды болжап беремін дейтін алаяқтар болса, екіншісі – қылмыстары «цифрланған» кибералаяқтар. Біздің бұл мақаламыз осы екінші топтағы қылмыс түрлері мен одан қорғану үшін жасалып жатқан шаралар туралы болмақ.

ІІМ мамандарының айтуынша, бұрын негізінен «қолма-қол» жасалып келген алаяқтық қылмыстары кейінгі жылдары, әсіресе пандемия кезінде виртуалды әлемге қарай ойысқан. Интернет әлемінің қыр-сырын меңгеріп алған кәнігі кибералаяқтар халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігін шебер пайдаланып, аңғал жандардың ақшасын жымқыруын доғарар емес. Жалпы, өткен жылы елімізде 20,5 мың интернет алаяқтық қылмысы тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 пайызға төмен болғанымен, олардың түрлері бірін кессең, екіншісі өсіп шығатын аждаһаның басындай көбейіп жатыр.

Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқ­тық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Қулығына құрық бойламайтын заманауи қылмыскерлердің «идеялары» мұнымен таусылмақ емес. Оларға қарсы сақтық шаралары жасалған са­йын өршелене түсіп, жымысқы ойларын одан әрі өрістетіп, небір қитұрқы амал-айлаларды өмірге әкеліп жатыр. Мысалы, қалтаңдағы ақшаңды көзіңді бақырайтып қойып жымқырып кету өз алдына, қылмысының ізін жасыруда «судан құрғақ шығып», алдына жан салмай жүрген «ақылмандары» да араларында аз емес. Сондай қылмыс «кестесінің» бірі былайша өрбиді.

Автобуста немесе басқа қоғамдық орында сіздің телефон арқылы банк қосымшасына кіретін төрт санды кодыңызды көріп алған қылмыскер амалын тауып телефоныңызды қолды қылады. Сосын өзінің досына хабар береді. Досы банкоматтың алдына барып, сол жердегі бір адамды ұстап алады да: «Аға, көке, маған ауылдан ата-анам ақша аударуы керек еді. Бірақ өзімнің телефоным істемей тұр. Ақшаны сізге жіберсе, банкоматтан шешіп бересіз бе?», деп жалынып-жалпайып өтінеді. Әлгі адамды алдап-сулап көндірген соң, қылмыскер өз сыбайласына оның нөмірін айтады да, досы ұрланған телефонның банк қосымшасындағы барлық ақшаны әлгі адамның шотына аударады. Еріксіз түрде қылмыстық «сызбаның» қатысушысы болып жат­қа­нын сезбеген азамат өзіне келіп түскен қара­жаттың бәрін банкоматтан шешіп алып, алаяқтың қолына ұстатады. Содан кейін бірінші қылмыскер ұрланған телефонды лақтырып тастайды…

Телефонын жоғалтқан адам поли­ция­ға арыз жазғаннан кейін, тәртіп сақ­шы­ла­ры банкоматтан ақшаны шешіп берген адам­ды ұстайды. Ал шын қылмыскерлер бұл кезде жеңіл жолмен келген ақшаға мейрам­ханада той тойлап немесе келесі құрбан­дығын іздеп, көше торуылдап жүреді…

Асқан шеберлікпен ұйымдас­ты­­­рыл­ған бұл қылмыстық жолда кибер­ала­яқ­­тықтың да белгісі бар. Өйт­кені құқық бұзушылық банк қосым­ша­сын қолдану арқылы жасалып отыр. Дегенмен мамандар қазіргі күні интер­нет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының көбі онлайн саудамен байланысты екенін айтады. Мәселен, алаяқтар белгілі жарнама сайттарында және әлеуметтік желілерде жарнамалар жариялайды. Олар тауардың немесе қызметтің бағасын әдеттегіден төмен қылып көрсетеді де, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Бір қарағанда, қарапайым ғана алдау жолы болып көрінгенімен, солардың құрығына да түсіп қалып жататын аңғалдар арамызда аз емес.

Таяу күндері біз Ішкі істер министрлігі дайындаған Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасының шеңберінде Цифрлық криминалистикалық зертхана жұмысын бастағанын жазған едік. Ішкі істер органдарына алғаш рет енгізіліп отырған компьютерлік-техникалық зерттеулер мен жеке басты биометриялық сәйкестендірудің заманауи жүйесі интернет және цифрлы технологиялар арқылы жасалатын қылмыстарды ашуға бағытталмақ. Мамандардың айтуынша, виртуалды әлемде және цифрлық кеңістікте жасалған кез келген әрекет, соның ішінде құқыққа қайшы істер өзінің ізін қалдырмай қоймайды. Ақпараттық технологиялардан хабары бар мамандар оларды оңай табады. Сондықтан Ішкі істер министрлігі Жедел криминалистикалық департамент базасында аталған зертхананың қанатқақты жобасын іске қосты.

– Зертхана мамандары екі бағыт­та­ жұмыс істейді. Оның бірі – бағдар­ла­ма­лық­-аппараттық кешендерді пайдалана оты­рып, компьютерлік-техникалық зерттеулер жүргізу. Бұл цифрлық іздермен жұ­мыс істеуге, оларды мобильдік құ­рыл­­ғылардан, бейнетіркеу және компью­­терлік құралдардан, оның ішінде құрыл­ғы­лардың жадынан жойылған дерек­тер­ді, резервтік көшірме файлдарды (бұлт­т­­ы­ ­деректерді) алуға мүмкіндік береді. Екін­шісі – биометриялық белгілер (бейнелерді талдау) бойынша жеке бас­ты­ сәйкестендіруді пайдалана отырып, фото-видео бойынша портреттік зерттеу­лер. Бұл маманға автоматтық режімде құқық бұзушылық жасаған және сыртқы бақылау бейнекамераларына түсіп қалған адамдарды ІІМ дерекқорлары бойынша іздеуді және анықтауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді ІІМ мамандары.

Ішкі істер органдарында пайда болған тағы бір жаңа құрылым – «Киберпол» арнайы бөлінісі. Жуырда Қарағанды облысында ашылған бөліністің жұмысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев арнайы келіп танысқан болатын.

– Киберқылмыспен күресетін бөлім­нің ашылуы – уақыт талабы. Интернет пен цифрлық технологиялардың өмірі­мізге сіңісіп кеткендігі сондай, біз кей жағдайларда поштамызға немесе­ теле­фон­ға келген сілтемелердің қаншалықты қауіп­ті екенін де аңғармай, кіріп жатамыз. Полиция қызметкерлері тарапынан алдын алу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына қарамастан, алаяқтардың құрығына түсіп жатқан тұрғындар аз емес. Сондықтан да бұл қылмыс түрімен күресуге жаңа тәсілдер қажет, – деді Ермағанбет Бөлекбаев.

Киберқылмыстармен күреске жетек­ші­ ІТ-компаниялардың мамандары мен ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды ака­де­миясының қызметкерлері тартылып отыр. «Біз интернет-алаяқтықпен күресудің жаңа тәсілін қолға алуға шешім қабылдадық. Жәбірленушілердің арызы енді «бір терезе» қағидаты бойын­ша қабылданады. Жедел уәкілдер, тер­геу­­шілер және криминалистер бір жерде қызмет атқаратын болады. Бұрын жәбірленушілердің арызы бір адамнан екінші қызметкерге өтетін. Сөйтіп, біз бұл аралықта 3-4 күн жоғалтатынбыз. Қазір жәбірленушілердің ақшасы басқа қол­ға өтпеу үшін бұғаттау жұмыстарын жа­сау­ға мүмкіндігіміз бар», деді об­лыс­­­­­тық ПД бастығы Санжар Әділов.

Қарағанды облысындағы «Киберпол» арнайы бөлінісі цифрлық зертханамен жабдықталған. Бөліністегі мамандар гаджеттерді бақылау арқылы интернет-алаяқтар қолданатын бағдарламаларды да анықтай алады. Қазіргі уақытта аталған бөліністің жеткен жетістіктері де бар. Өткен аптада киберпол қызмет­керлері алаяқтықпен айналысқан екі қылмыстық топты құрықтады.

Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін не істеу керек? Полиция қызметкерлері сақтық шараларын үнемі жұртшылықтың есіне салып келеді. Олардың айтуынша, банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлері болып хабарласып, несие рәсімдеу, мүлікті сату немесе ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару,­ қан­дай да бір бағдарламалар орнату тура­лы «телефон» нұсқаулар беретін адам­дарға ешқашан сенбеу керек. Банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы операция­лард­ы ешқашан телефон арқылы жүр­гіз­бейді. «Өзін банк немесе құқық қор­ғау органдарының қызметкері деп таныс­тыр­ған бөгде адамдар қоңырау шалған кез­де тұтқаны қойып, сізге қызмет көр­се­тетін банктің сенім телефонына неме­се­ полицияға қоңырау шалу қажет», дейді мам­андар.

Өзіңіз туралы жеке мәліметті, пласти­ка­лық карталардың деректемелерін, ауда­рымдар туралы түбіртектерді, кодтар мен құпия сөздерді ешкімге бермеу; белгі­сіз және тексерілмеген сайттарға сен­беу; тексерусіз алдын ала төлем жа­самау; тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісу; күмәнді ке­лі­сімдер бойынша ақша аударымдарын жа­самау; қосымшаларды орнату үшін App Store және Play Market сынды ресми бағдарламаларды пайдалану; банк қосымшаларына кіру парольдерін үнемі өзгертіп отыру сынды сақтық шаралары алаяқтардың құрбаны болудың алдын алады.

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті