Алаяқтардан зардап шеккенде бірінші кезекте не істеу керек?

Көп жағдайда алаяқтар шырмауына түскендер ондай жағдайда не істеу керектігінен бейхабар. Осы себепті де абдырап, одан да көп қателіктерге ұрынып жатады. Маманның пікірінше, ондай сәттерге уақыт жоғалтпай бірден құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Онымен қоса, арнайы дәлелдерді жинап барған жөн. Заңгер Альбина Бахтиярқызы алғашқы қадамдар қандай болу керек екенін, арызды қайда және қалай жазу керектігін түсіндірді.

Алаяқтарға алданып қалғандар бірінші кезекте не істеу керек?

Заңгердің айтуынша, алаяқтарға алданып қалғандар ең алдымен уақыт жоғалтпай құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуі керек. Алайда ол арыз жазған уақытта құры сөздерді жазу жеткіліксіз болатынын жеткізді.

“Арызбен қоса өзінің алаяқтарға алданғаны туралы арнайы дәлелдемелер жинап барғаны жөн. Себебі, қазіргі кезде “біреу атыма несие рәсімдеді, қаржы пирамидаларына алданып ақшамнан айырылып қалдым” деген секілді жағдайларды жиі естиміз. Алайда бұндай істердің көбі азаматтық қарым-қатынас деп полицияда қаралмай қалып жатады. Осындай жағдай болмас үшін алдымен дәлелдемелер жинап алған дұрыс. Екіншіден, арызды да дұрыс жазу керек. Көп адамдар “қарызға алған, қарызға бергем” деген секілді сөздерді жазып қояды. Осы себепті де полиция азаматтық қарым-қатынас ретінде көп істі жылы жауып қоя салады. Тиісті фактілерге сілтеме жасай отырып қана арыз жазу керек”, – дейді Альбина Бахтиярқызы. 

Оның сөзінше, алданғаннан кейін полицияға жүгіну керек екен деп кез келген полиция бөліміне бара беруге болмайды. Себебі, біздің қылмыстық заңнамаға сәйкес арыз қылмыс жасаған аумақ бойынша жазылады. 

“Мәселен, Алмалы ауданында жасалған болса Алмалы аудандық полиция бөліміне, Медеу ауданында жасалған Медеу аудандық полиция бөліміне жүгінгені жөн. Негізінде полиция органдарында кезекші тергеушілер отырады. Олар тиісті арызды қабылдайды. Арызды қабылдаған кезде полицияға жүгінген тұлғаға арнайы арыз бланкісі беріледі. Сол жерге арызын жазып, қосымша дәлелдемелерін көрсетеді”, – дейді заңгер. 

Алаяқтықтан зардап шеккен адамның қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар?

Альбина Бахтиярқызының айтуынша, алаяқтық қылмысының негізгі мақсаты алдау жолымен бөтеннің мүлкін иемдену, бөтеннің мүлкін жымқыру болғандықтан ең алдымен күдікті тұлғаның алдау ниеті болғаны дәлелденуі керек.

“Қазір интернет алаяқтар көбейіп кетті. Олар алдау жолымен біреудің ақшасын иемденеді. Жалған SMS кодтарды жолдап, “банктен сізге осындай шағып келіп түсті немесе несие алайын деп жатыр екенсіз” деген секілді сөздермен адамды алдап-арбау арқылы оның деректерін біліп алады. Осылайша оның жеке ақпараттарын қолдану арқылы атынан банктен несиелер алуы немесе басқа да алаяқтық әрекеттер жасауы мүмкін. Әрине, әркім өз құқығын қорғап, полицияға жүгінуге құқылы. Дегенмен әр істің өз ерекшелігі болғандықтан, ең алдымен полицияға дұрыс жүгінген абзал. Арыз дұрыс жазлмағандықтан көптеген істер аяқсыз қалып жатады”, – дейді ол. 

Алаяқтық туралы дәлелдер қалай ұсына аламыз және қандай дәлелдер ең сенімді болады?

Заңгер әр алаяқтық қылмысының өзіндік дәлелдемелері болатынын айтады. Мәселен, WhatsApp мессенджері арқылы жазылған хабарламалар немесе белгілі бір видео жазбаларды айғақ ретінде келтіруге болады. 

“Қазіргі таңда интернет желісі арқылы алдайтындар көбейіп кеткеннен кейін әлеуметтік желідегі хат-хабар алмасу негізігі дәлел бола алады. Осыларды дәлелдеме ретінде рәсімдеу үшін нотариусқа жүгініп жататындар бар. Одан бөлек, дәлелдемелерді қарау хаттамасын жасап жатады. Кейде өтірік қолхат жаздырып алып, ақшаларын алып кететін жағдайлар бар. Бұл кезде қолхатты дәлелдеме ретінде ретінде ұсынса болады. Алайда әр адам заңгердің көмегінсіз өз бетімен бұндай қылмыстарды алаяқтық деп дәлелдей алмауы да мүмкін. Өйткені полиция қолхат немесе басқа жазба көрсе бұл азаматтық қарым-қатынас екен деп қарамай қояды. Сол себепті де алдымен заңгердің көмегіне жүгіну артық етпейді. Бұдан кейін адамдар қаражатты кас kaspi-мен аударып жатады. Бұл да дәлелдеме бола алады”, – дейді Альбина Бахтиярқызы. 

Егер полиция өтінішті қабылдамаса не істеу керек?

“Алаяқтық бойынша тиісті тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгініп, алайда полиция арызыңызды қарамай немесе номенклатуралық іске кіргізіп тастайтын болса сіз міндетті түрде полицияның шешімі жайында аудандық полицияның басшысына не болмаса Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне шағымдана аласыз”, – дейді заңгер. 

Алаяқтар ұсталған жағдайда шығын сомасы толығымен өтеле ме? 

Альбина Бахтиярқызы алаяқты ұстау мен оның келтірген шығынын дәлелдеу екі бөлек нәрсе екенін тілге тиек етті. Егер де алаяқтың барлық соманы алғаны дәлелденіп тұрса, қылмыстық істің аясында кез келген жәбірленуші тұлға азаматтық талап арыз беруге құқылы. 

“Тергеу және сот барысында да азаматтық талап-арыз жариялау арқылы, тиісті дәлелдемелер бар құжаттарды тіркеу арқылы мысалы, банк түбіртегі немесе басқа да мәліметтермен шығынның сомасын көрсетуге болады. Сондай-ақ алаяқтың шығынды өтеп-өтемеуі оның жеке басына да байланысты. Егер де ол жұмыс істеп жүрген, пайда тауып жүрген мүлкі бар, ақшасы бар азамат болса онда қайтарып алуға болады. Ал егер оның басында ешқандай мүлік тіркелмеген, не қаражаты жоқ болса онда тек өзіне тиесілі жазасын ғана алады да қарызы мойнында қалып қояды. Ол сомалар жылдап өтелетін кездер не болмаса өтелмей қалатын жағдайлар болады. Практикамнан алаяқтардың атында ешқандай мүлік болмайтынын білемін. Өйткені олар әдейі солай тіркемейді. Көбінесе ақшалары жоқ, жұмыссыз тұлғалар болып жатады”, – дейді заңгер. 

 Алаяқтық бойынша қандай жаза қарастырылған?

Алаяқтық бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы бар. Яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

“Бүл жерде қылмыстың жасау негізіне байланысты, қылмыстың дәрежесіне байланысты жазаның түрі де әртүрлі болып келеді. Мысалы 190-баптың төртінші бөлігінде тек қана бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, бірінші бөлігінде бас бостандығынан шектеу жазасы көзделген. Тіпті, тараптардың татуласуы арқылы жаза қысқарып кетуі мүмкін. Қылмыстың дәрежесінің өзі қылмыстық әрекеттің жасалған жағдайына, сотталушының жеке басына, бұрын сотты болып-болмағанына қарайды. Бұнымен қоса қылмыс жасау барысында келтірілген шығынның көлеміне байланысты жаза тиісті баптың бөліктеріне қарай әртүрлі дәрежеленеді. Соған сәйкес санкциялар да әртүрлі болып келеді”, – дейді Альбина Бахтиярқызы.