ТО полицейлері жолдардың жабылғаны жайлы ескертеді

Түркістан облысының полицейлері ауа райының қолайсыздығына байланысты жолға шықпауға кеңес береді

Түркістан облысында күннің қатты суытуы, қалың қар мен боран көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Яғни бұл жүргізушілер мен жолаушыларға қиындық тудыруда.

Тәртіп сақшылары 3 қаңтардан бастап «Алматы-Термез-Ташкент» тас жолы, Алматы, Тараз және Шымкент бағыттары жабылғанын ЕСКЕРТЕДІ. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы қозғалыс тоқтатылды.

Түркістан облысы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, аталған бағыттарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке құрамға тапсырма беріп, полицейлер қазіргі таңда толық құрамда жұмылдырылды. Олар автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын бақылауда.

Мәселен Қазығұрт ауданындағы қауіпті асуда полицияның екі автоэкипажы қызмет атқаруда.

Полицейлер қарапайым сақтық шараларын ұстанып, шұғыл қажет болмаса жолға шықпауға шақырады. Алыс жолға шығуды жоспарламас бұрын, ауа-райының жай-күйі туралы білу қажет.