Облыстық маңызы бар жолдар бойынан 62 адам құтқарылды

Созақ ауданында бүгін таңғы сағат 6:30 дан бастап қар жауып, ақ түтек боран басталды. Осы орайда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және тиісті сала қызметкерлерін аудан аумағындағы, облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырды.

Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің міндетін атқарушы Әлібек Бақытбекұлының айтуынша, таңнан бері аудан көлімінде қар аралас жаңбыр жауып, соңы қатты желге ұласты. Қар қалың түсті. Облыстық маңызы бар бірқатар жолдар жабылып, жолға шыққан жолаушылар жолда қалып қойды. Атап айтсақ, «Шолаққорған – Шаян» жолындағы Таскөмірсай асуында қалған өндіріс орындарда жұмыс істейтін 49 адамды, «Шолаққорған–Түркістан» бағытындағы Ащысай асуынан 13 жолаушыны құтқару жұмыстары жүргізілген. Осыған байланысты аудан тұрғындары аса қажет болмаса жолға шықпағаны жөн.

Қазіргі таңда өндіріс орындарда жұмыс істейтін 49 жолаушыны аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы арнайы күтіп алып, аудан әкімдігінің ғимаратына орналастырды. Тұрғындар аздаған уақытта тиісті жұмыс орындарына жеткізілетін болады.