ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ БАЛУАНДАРЫ «ТҰРАН БАРЫСЫ» КУБОГЫ ҮШІН ЖАРЫСАДЫ

29 қазанда Түркістан қаласында «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия Кубогы өтеді.
Дүбірлі дода ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры, «Qazaq kuresi» қауымдастығы, «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры» КҚ ұйымдастырылып жатыр.
Жарыстың жалпы жүлде қоры — 20 млн теңге. Азия Кубогына Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысады. Қазақ күресі балуандары 18 жастан асқан жеті адамнан тұратын командалар атынан сынға түседі. Спортшылар жеті салмақ санатында белдеседі: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта.
Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Бұдан бөлек, «Turan Barysy» жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды.
«Qazaq kuresi» Қауымдастығының бас директоры Ербол Мырзабосынов қазақ күресі елдегі өскелең ұрпақты тәрбиелеу және мәдениетін арттыру негізі екеніне сенімді. Бұл турнир қазақ күресінің әлемдік аренада одан әрі дамуына серпін бермек.
«29 қазанда алғаш рет «Turan Barysy» турнирі өтетінін мәлімдейміз. Түркістан қаласы кездейсоқ таңдалмады. Ол қатысушы елдердің мүддесін біріктіретін түркі әлемінің астанасы саналады», – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетерлігі, бүгінде Қазақстанда 120 мыңнан астам бала мен жас осы спорт түрімен шұғылданады. Ұлттық спортты насихаттау мақсатында шетелде 30-дан астам қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді.
«Тек Қазақстанның өзінде әртүрлі деңгейде 800 астам жарыс өткізіледі. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия Кубогы, Азия және әлем Чемпионаттары секілді халықаралық турнирлер өтеді», — деп атап өтті «Qazaq kuresi» Қауымдастығының бас директоры.
«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Серікбол Оразалиннің айтуынша, жарысқа қатысушы елдің мықты балуандары қатысады.
«Qazaqstan Barysy» қоры 10 жыл бойы ұлттық спорт түрін қолдау және дамытумен айналысып келеді. Қазақстан барысы, Әлем барысы, Еуразия барысы секілді чемпионаттар өткіземіз. Мұндай іс-шаралар отандастарымыз бен шетелдік аудиторияның Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүріне, лттық күреске деген назарын аударады деп сеніммен айта аламыз», — деді Серікбол Оразалин.
Айта кетсек, жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.