«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ ТОЛЫҚ ИГЕРІЛМЕЙІНШЕ ТОҚТАТЫЛМАЙДЫ

«7-20-25» бағдарламасына түскен өтінімдер сомасы қалған ақшадан асып кетті. Бұл туралы Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов арнайы брифингте айтты.
«Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасының тағдырын қалай шешпекші. Бөлінген қаражат аяқталғанша жалғаса ма, әлде жаңа жылдан кейін тоқтатыла ма?», — деп сұрады журналист.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша түскен өтінімдердің сомасы қалған қаражаттан көп.
«Бұған дейін де мәлімдегеніміздей, ақша толық игерілгенін күтеміз. Естеріңізде болса, Ұлттық банк пандемия кезінде экономиканы қолдауға қатысқан болатын. Біз 7 бірдей бағдарламаның бір бөлігі болдық. Оның бесеуі аяқталып қойды. Енді екі бағдарлама қалды. Біз бұрын мәлімдегеніміздей, бұл бағдарламалардан жоспарлы түрде шыға береміз. «7-20-25» бағдарламасынан біз бөлінген ақша толық игеріліп біткенде шығамыз. Нақты қашан шығатынымыз ақшаның қаншалықты жылдам игерілгеніне байланысты болады. Менің есімде болса, өтінімдердің сомасы бағдарламаның қалған қаражатынан асып кеткен болуы керек», — деді Ұлттық банк басшысы.
Айта кетсек, жақын арада Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасына балама ретінде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев құжаттың заң аясында қарастырылып жатқанын айтады. Бастысы – бағдарлама бойынша бастапқы жарна мен 7 пайыздан аспайтын қолжетімді пайыздық мөлшерлеме ескеріледі. Ипотекалық бағдарлама таяуда пайда болады.
Еске салайық, 2018 жылы іске қосылған 7-20-25 бағдарламасы арқылы 27 мыңнан аса отбасы баспаналы болған. Бастапқы жарнасы 25 пайыздан аспады. Ипотекалық несиені өтеуге 25 жылға дейін уақыт берілген еді.