Тұрғындарға сақтық шаралары түсіндірілуде

Қаратау ауданы әкімі аппараты қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен бірге аудан аумағындағы елді мекендерде жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

Кезекті түсіндіру шаралары барысында тұрғындарға, кәсіпкерлік нысан иелеріне мамандар тарапынан төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған қауіпсіздік шараларынан мағлұматтар берілді. Сонымен бірге, үгіт-насихат жұмысының барысында тұрғындарға газбен улану тақырыбындағы арнайы жадынамалар таратылды.

Көп жағдайда улы газдан улану көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды.

Адамға дер кезінде көмек көрсету үшін мұндай уланудың негізгі белгілерінен хабардар болу қажет. Улы газ иіссіз болатындықтан, тыныс алу ауасының құрамында 0,08% көмірқышқыл газы араласқан кезде адамның басы ауырып, тұншығу белгілері сезіліп, улануы мүмкін. Көмірқышқыл газының концентрациясы 0,32% дейін жоғарылаған кезде сал ауруының белгілері байқалып, есінен тану жағдайлары орын алады.

Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныс алу керек.

Газдан уланудың алдын алған маңызды.

Расында, қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы да біледі. Соған қарамастан улану жағдайлар орын алуда. Кейбір адамдар үшін жаттанды әрі баршаға мәлім қағидаларды қайталауға тура келеді:

✓тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пеш қалауларындағы жарықтар, тазаланбаған түтін тұрбасы сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

✓пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін тұрбаларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалауда тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз, автокөлік иелері, көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігін қосулы күйде жұмыс жасамаңыз.

Құрметті қала тұрғындары! Жоғарыда айтылған ережелерді сақтаған жағдайда, Сіз газбен уланудың құрбаны болмайсыз!