Шымкент 2023 жылы толықтай ауыз сумен қамтылады

Шымкент қаласының Асар-2 тұрғын алабында ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары осы айда толығымен аяқталып, тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізді. Бұл ауданда судың жетіспеушілігі көптен бері көтеріліп жүрген проблема еді. Енді ол шешімін тауып, жергілікті әкімдіктің еңбегінің арқасында халықтың көптен күткен арман-тілегі орындалды.

Қаланың әлеуметтік дамуында маңызды жаңалық саналатын айтулы оқиғаға орай Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған бір топ депутаттар Асар-2 тұрғын алабында халықпен кездесіп, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысып қайтты.

— Асар-2 тұрғын алабында 2800-ге жуық абонент орталықтандырылған су құбырына қосылды. Бұл елді мекенді сумен қамтамасыз ету партияның сайлауалды бағдарламасының жоспарында тұрған мәселе еді. Жоспардағы тапсырмаларды орындау бойынша нақты іс-әрекеттер межеден бұрын іске асырылуда. Мәселен, бағдарламада қаланы толық ауыз сумен қамту 2024 жыл деп көрсетілген. Алайда жұмысты осы қарқынмен жалғастыра берсек, 2023 жылы Шымкентте ауыз су жүз пайызға шешімін тапқалы тұр, — деді Бахадыр Мәдәліұлы.

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілі Дәурен Болғановтың айтуынша, мегаполисте суды тасымалдап ішетін 7 және ауыз су кестемен берілетін 5 елдімекеннің үшеуінен басқасында биыл суға байланысты өзекті проблема жыл соңына дейін толығымен шешілмек. Ал қалған үшеуі Құрсай, Қайнарбұлақ және Сайрам елдімекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Осылайша 2023 жылға қарай республиканың үшінші мегаполисі Шымкент жүз пайызға ауыз сумен қамтылады.

Қаланы түгел ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінге дейін әкімдік тарапынан қыруар жұмыстар атқарылды. Соның бірі Көмеш бұлақ су көзінен 25 шақырымға магистарльді су құбырының тартылуын айтуға болады. Биыл іске қосылатын осы құбыр арқылы мегаполистің солтүстік, солтүстік-батыс аумағындағы елдімекендер жоғары қысымды сапалы таза ауыз суға қол жеткізбек.