Қалада қайырымдылық акциясы басталды

Шымкентте «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы басталды. Абай ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен «ҚР Қызыл жарты ай қоғамы» қорының облыстық филиалы «Көмек» оңалту орталығында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларына арналған қайырымдылық шарасы өтті. Қайырымдылық акциясы аясында зардап шеккен азаматшалармен жеке сұхбат жүргізілді.

Оларға психологтар психологиялық қолдау көрсетсе, полиция инспекторлары заңгерлік-құқықтық кеңестер берді.

Сондай-ақ, акция барысында жергілікті полицияның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспекторларымен бірлесе есепте тұрған отбасыларына барып, қолдау көрсетілді. Демеушілік танытқан жергілікті мешіт тарапынан азық-түлік себеттері таратылды.