Қажымұқан мен Шмидт белдесуі

Немесе Қазақ балуанына қаржылай қолдау көрсеткен ағайынды екеу кім?

Астана қаласына жол түсіп, біраз күн бас шаһарды араладым. Онда да ежелгі таныстар, ағайын-туыс­тар бар дегендей, бір аптаның төңірегінде соларда қонақ болдым, қаладағы мәдени, тарихи ескерткіштерді тамашаладым, қысқарта айтқанда, жаңа шаһардан үйге қанағатты сезіммен оралдым.

Осы жайлардың ішіндегі бөле-жара айтарым – әйгілі жазушы, қоғам қайраткері, бәрімізге бала жасымыздан өзінің «Тоқаш Бокин» романымен таныс Зейін Шашкиннің шаңырағында болғаным дер едім. Жазушының зайыбы Мәриям Нұрланқызы жасы сексен жетіге келсе де, әлі күнге сергек, ширақ, бақуатты күйде екен. Ол кісі кенже қызы Гүлжан мен күйеу баласы Ерболаттың қолында, солардан туған кішкентай жиен немерелеріне ес болып тірлік кешіп жатыр. Менің бұл үйге тап болғаным да сол Ерболаттың, Күршім аудандық мәдениет бөлімін 18 жыл бойы басқарған белгілі өнер ардагері Қабдолла Тұраровтың кенже ұлының арқасы еді. Күршімге бір келгенінде Ерекеңнің: «Аға, Астана жаққа жолыңыз түссе, соқпай кетпеңіз», – деп қатты тапсырғаны бар-тын. Сол тапсырманың аяғы осындай қызықты да маңызды адамдармен таныстыққа ұласты. Ерболаттың жолдасы Гүлжан Зейінқызы – белгілі ғалым, Білім және Ғылым министрлігі жанындағы қадағалау және аттестациялау жөніндегі комитеттің бас сарапшысы, филология ғылымының кандидаты. Оның анасы Мәриям апамыздың әңгімесін тыңдағанда уақыттың қалай өткенін байқамай қалғанымыз да шындық. Менің назарымды қабырғаға ілінген суреттегі даңқты балуан Қажымұқанның жанында тұрған екі адам аударған болатын.

– Бұл менің әкем Нұрлан мен оның інісі Абдолла, – деп жымиды Мәриям апай суретке бір қарап қойып. – Екеуі де Семейдегі белгілі көпестер болған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы атақты киізші Бейсеке деген бай бар емес пе, сол – менің атам. Оның балалары да өзіне тартып кәсіпкерлікпен айналысты.

1914 жылдың жазында әкем інісімен бірге Ресейдің Нижний Новгород қаласында өткен айтулы жәрмеңкеге қатысады. Осы жәрмеңкеге Шмидт деген немістің балуаны өз циркімен келіп, неше күн күрес өткізіп жатса керек. Үйреншікті қарсыластарының бірі келгенін естіген Қажымұқан да ат арытып жетіпті бұл тамашаға. Бірақ, бай Шмидт Қажекеңмен күресуден қашқақтап, мынадай шарт қойған екен. Өзі сөреге 100 сом (целковый) тастаған неміс Қажымұқанның да осынша ақша тігуін талап етіпті. Ол тұста бір жылқының құны 3 сом екен. Отыз үш жылқының құны кедей Қажекеңнің қалтасында қайдан болсын, ашуланған балуан аренаға жүгіріп шығып:

– Әй, халайық! Маған жүз сом тігіп, мынаумен күрес­тіретін бір мұсылман бар ма араларыңда, жоқ әлде жігері­міз құм болып қала береміз бе?! – деп айғай салыпты.

Сол кезде залда отырған ағайынды екі жігіт қатар шығып, Қажекеңнің қолына екі жүз сом ақша ұстатқан екен. Осыдан кейін айбар бітіп, күреске шыққан Қажымұқан немісті әп-сәтте алып ұрып, жүлдені қанжығасына байлайды. Ел тарай бастағанда сол күрес киімімен жүгіріп шығып, өзіне қолдау көрсеткен екі бауырын іздеп жүріп тауып алған балуан оларға шынайы ризашылығын білдіріп, ол уақытта әркім­нің қолы жете бермейтін фото­суретке түсуге шақырған екен.

Кейіннен балуан ағалары Семейге әдейілеп келіп, Бейсеке байдың балаларына арнайы қонақ болып кетіп жүріпті. Сөйтіп, ағайынды кәсіпкерлердің арқасында халқымыздың мақтанышына айналған даңқты балуан өз өнерін жат жұрттың алдында тағы бір мәрте көрсету мүмкіндігіне ие болған екен.

Хасен Зәкәрия,
Күршім ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы.
Дидар», Шығыс Қазақстан облыстық газетінен).