Намыс найзағайы

Қазақтың күрес әлеміндегі бас батыры Қажымұқан туралы таңды таңға ұрып айтсаң да жарасады.

Қарапайым қазақ ауылының бұла баласы тағдыр айдауымен күрес кілеміне түсті. Төрткүл дүниеге табаны тиді. Әлемнің, әр ұлттың мен деген ұландарының жауырынын жерге тигізді.

Классикалық және еркін күрестен Әлем чемпионы. Ел басына күн туғанда Алаш арыстарының қасынан табылды. Қазақ жеке, егемен мемлекет болу үшін қолынан келгенін жасады.

Қысқаша қайырғанда өмірі осылай өріледі.

Бірақ…, Қажымұқанды басқа балуандардан ерекшелендіріп тұратын қасиетін айтпай кетпесек болмас. «Ерді-намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейді халық даналығы.

Қажекең өзінің, ұлт намысының кетер жерінде ешқашан бұта сағалап қалмапты.

1914 жыл. Харбин қаласы. Орыстың бас балуаны Иван Поддубный бастаған құрамасы жапон серкесі Саракики Жифонду бастаған құрамамен командалық күрес өткізген. Не белбеу не бел кететін жекпе-жек.Жапондар жеңіледі. Тамырында самурайдың қаны бар жапондар үшін бұл өліммен тең оқиға еді. Намысы жерге тапталған Саракики «джию-джитсу» күресінен ережесіз жекпе-жек өткізуді ұсынады. Ережеде таңдау жоқ. Кілемде тірі қалғаны ғана қалады.

Орыстар, басы бас балуан Иван Поддубный бастап үркіп қалады. Бүтін бір империяның бетке ұстар батырларының жүрегі шайлығып, мемлекетінің атынан жекпе-жекке шыға алмай отырғандығы біздің арда туған Қажекеңе қатты тиеді. Қорланады. Намыстан жарылардай болады. «Иттің күресі болса да күресемін» дейді. Сүйтіп, дегені болып дандайсыған алып империяның батыр ұлдары өлімнен қорқып бұғып қалғанда бұратана халықтың өкілі тарих парағын басқаша жаздырады.

Қажымұхан бабамыз жайлы жазғым келсе осы дерек ойға бірден оралады. Батырлық, байлық кімде жоқ. Ал, Қажекеңдей болу қайда?! Менің білетінім, Қажекең өз ұлтын жерге жаншыған империяның намысын жыртқан жоқ. Кіл орыстың ішіндегі жалғыз қазақ, жалғыз мұсылман өз ұлтының да намысы тапталып жатқанына төзе алмады. Менменсіген жапонның жанын жаһанамға жіберді.

Бұл ерлік-қазақтың жігіттеріне жақсы сабақ болса керек.

Ордабасы ауданы-Қажекеңнің әз жамбасы мәңгіге жерге тиген қасиетті аймақ. Жылда дәстүрлі турнирі өтеді. Өткізілуінде мін жоқ. Ендігі мәселе, қажы балуаның ұлықтауында.

Ауданың желке тұсынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі өтіп жатыр. Әлемнің жетекші мемлекеттеріне көпір болған автодәліз бойына Қажымұқан мұражайын көшіру күн тәртібінде тұр.

Халықаралық турнирмен іс бітпейді. Қажымұқан жанашырлары балуан туралы кинофильм түсіруге бастамашы болса деген тілек бар.

Сұлтан Қожықовтай талантты режиссердің қолын Орыс империясының мұрагері Кеңестер Одағының шовинистері қақты. Олар өздерін масқара болудан құтқарған Қажымұан ерлігіне осылайша көркеуделікпен жауап берді. Тексіздік танытты.

Ендігі не тұрыс. «Балуан шолақты» түсірген қазақ әлемнің үздік батырын түсіре алмас деймісіз.

Қажекең алып қой. Өз елі, өз жерінде аштыққа ұшыраған орыстың бас балуаны Поддубныйды аяп, қасынан қоныс бермек болған бабамыз туралы жақсы фильм түсірілсе әлемдік жәдігер болары сөзсіз. Турнир қарсаңында тағы да еске салып қоюды жөн көрдік. Намысты алаш жігіттері қайдасыздар?!

Бақтияр Тайжан,
«Egemen Qazaqstan».

Дереккөз: «Ордабасы оттары» газеті (14.05.2019ж)

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*