Бөржар жұрты чемпиондарға құрмет көрсетті (видео)

Джиу-Джитсудан Украинаның Киев қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Ордабасы ауданына қарасты Бөржар ауылының жас спортшылары жеңіспен оралды.

Ел намысын асқақтатқан жеңімпаздарды ауылдастар зор қошаметпен күтіп алып, әлем чемпионы Төлен Шахмардан, күміс жүлдегер Дихан Тоқтар мен қола медаль иегері Ерсұлтан Кемелбековке ат мінгізді.

Мерекелік шарға аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев қатысып, жүлдегерлерге аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Ауылдық Мәдениет үйінде байрақты бәсекеде топ жарған жастардың құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылып, ән мен күйден шашу шашылды.

Салтанатты кеште ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Данай Ережепов, ауыл қариясы Жақсылық Махамбетов, ауданның Құрметті азаматы Төреш Боранбаев, Әбдіхайым Ысқақ, Жарас Қойлан, ғалым-агроном, «Береке-Бөржар» ЖШС директоры Жанысбек Өтеген сөз алып, ауылдағы ағайынның атынан жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табыстады.

Кеш соңында Бөржар ауылының тумасы, ауылдың гүлденіп, дамуына үлес қосқан қоғам белсендісі Жанысбек Өтегеннің 70 жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мен облыстық Мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевтың арнайы Құттықтау хаты берілді.

Дереккөз: Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

© shymkenttv.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*