7 сәуір — Қажымұқанның туылған күні

Алты алашым алыбың бар айбарлы,
Бар әлемге атағы паш, кең даңқы.
Қазақ атын қалықтатып жер көкке,
Теңестірді-ау терезең мен арбаңды.

Мың сегіз жүз жетпіс жылдың бірінде
Ерек атты таңғы шуақ көгімде.
Туылыпты жетісіне Сәуірдің,
Текті алыбың Ұлы дала төрінде!

Аты аңыз, жөні бөлек, дүр тұлға
Жат көрмеді намыс қып жоқ-барды да.
Шағып барлық қара күшті жаңғақша,
Бағындырды сансыз атақ даңқты да.

Кең жүрекпен тектілігін көрсетті,
Отаны үшін намыспенен тер төкті.
Болашағы жеңістерін жеміс қып,
Тектісінің ерлігімен ержетті.

Аңыз адам суреттелді, зерттелді.
Атыменен заты аталып беттелді.
Есімімен ұлт мерейі асқақтап,
Өткізді де мерейтой мен кештерді.

Алты алаштың көзі куә қашаннан,
Міне енді дәуір келді жаңғырған.
Ұлы есімін ұлықтасақ жаңаша,
Жаңғырығы әлемді таң қалдырған.

Сан мерейің ұлт мерейі білгенге,
Күш қайратың қуат берсін біздерге.
Сан салалы салтанат қып бергенге
Болашағың жумылса екен бір демге.

Рухтанайық рухыменен бабаның.
Алып күшпен шаттанайық тағы мың.
Ұлт есімін бар әлемге танытқан
Дүр есімін жаңғыртайық жатқа тың.

Қажымұқан Мұңайтпастың ұлы деп,
Күллі әлемге мәшһүр аты аталсын.
150 жыл мерейтойын тойлаған
Қазақ елі абыройы жасасын!

Мақтанайық ұлыға лайық ұрпақ боп,
Қайталансын ерліктері тақпақ боп.
Сезінуге бар қазағым жиылсын,
Ел деп соққан кең жүректің тынысын.

Жүргеніміз бақыт екен мақтан ғып,
Пір тұтарлық естеліктер осынау.
Сізді берген маңдайдағы жұлдыз ғып,
Бір Аллаға басты исек дейміз-ау!

Меруерт ЕСКЕРМЕС,
Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің қызметкері.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*