Шымкентте 73 азамат тұрғын үй сертификатын иеленді

Шымкент қаласында бастапқы жарнаға көмек ретінде берілетін тұрғын үй сертификатын алуға 458 азаматтан өтінім келіп түскен. Оның ішінде 73 азамат тұрғын үй сертификатының иегері атанып, шоттарына миллион теңгеден аударылды. Ал 314 өтінім тұрғын үй сертификатын берудің талаптарына сәйкес келмеуінен бас тартылған.

Мамандар бас тартулардың басым көпшілігінің себебін талаптарға сәйкес қажетт құжаттардың толық әрі анық ұсынылмауымен, сондай-ақ тұрғын үй сертификатының шарттарына сай келмейтіндігімен байланыстыруда. Қалған азаматтардың өтінімдері басқарма мамандарымен қаралымда.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша тұрғын үй алуды көздеген, тұрғын үй сертификаттарын алу талаптарына сай келетін әрбір азаматқа 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін ұсынылатын әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Қатысуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.

Айта кету керек, тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау осы жылдың 26 маусым күні басталған болатын. Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдайтын kezekte.kz интернет ресурсы 500 азаматқа қарастырылған қаржы толығымен игерілгенге дейін тәулік бойы ашық болады. Келіп түскен өтінімдер басқарма тарапынан үш жұмыс күні ішінде қаралады, нәтижесі бойынша еговтағы сайты арқылы хабарлама жіберіледі. Егер өтінім мақұлданса үш жұмыс күні ішінде ипотекалық жеке шотына қаржы жіберілетін болады. Өтінімдер тек қана онлайн қабылданады.

Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*