Қажымұқан өмірінің соңына қарай неге бар алтын медальдарын сатуға мәжбүр болды?

Қажымұқан ұлтымыздың ұлы перзенті, алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой балуан болғанын күллі қазақ біледі. Күрес өнерінің майталманы болған ол – әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Ресей, Түркия, мұхит асып, Америка, Араб елдерінде танымалдылығының артқаны соншалық, онымен жекпе-жек шығуға өзге елдің балуандары жүрексінген. Әлемнің 28 мемлекетін аралап, сол жерлердің мықтыларымен белдесіп, қоржынына 56 медаль салған.

Бірақ бұл жерде айта кететін жайт, қазақ балуанының күрестегі жетістіктерін білгенімізбен, өмірінде жасаған нағыз жігіттік істері мен қиыншылық кезеңдері айтыла бермейді.

Қажымұқан байлық, дүние көзін жинамаған, қолындағы барын кедей-кепшікке үлестіріп жүрген екен. Жасы 70 шамасында болса да бойында қара күштің селі бар еді дейді көзін көрген қариялар. Майданға аттануға өтініш білдіргенмен, егде жастасың деп қабылдамай қояды. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдары ел аралап, өнер көрсетіп, жиналған ақшаға ұшақ сатып алып, қазақ атымен атауын өтініп, Сталинге хат жазады. Бұл мақсаты орындалды да.

Алайда, Қажымұқан қазақтың маңдайына сыймады. Қазақ балуаны қартайған шағында көп жоқшылық, таршылық көрген деседі. Қалайша? Кезінде дүркіреген атын тез ұмытқандары ма? Немесе 70-тен асқан шағында пайдасы жоқ қария деп ешкімге керек болмай қалғаны ма? Ккөзі тірісінде Үкіметтен қайыр болмаған, батырды еш елемеген. Кішкентай балаларымен ескірген кішкентай лашық үйде тұрған екен. Неліктен соншалықты сорланып қалды екен деген сұрақ туындайды. Тіпті, балуан кезінде жеңіске жетіп, еңбегімен алған алтын медальдарының барлығын күн көру үшін сатуға мәжбүр болған.

Бұған Үкіметтен қаражат сұрап жазған хаты дәлел:

«Мен өмірімнің 55 жылын күреске арнадым. Талай рет өлім аузында болдым. Америкадан өзге шетелдердің бәрін де араладым. Қазір жасым 75-те. Менің қазіргі тұрмыс жағдайым нашар» деп өз қолымен 1945 жылдың 26 маусымы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Әбсәмет Қазақбаевқа хат жазған.

Бір жұтым су мен қара нанға зарығып отырған жайым бар, зейнетақы тағайындап бер деп өтінгенгенімен, оған жауап келмейді. Осылайша, 1948 жылы қазақ балуаны назалы күймен дүниеден озды.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп бекер айтылмаған. Бұл мақаламен ешкімге кінә тақпаймыз. Әрине, қазақ бар кезде Қажымұқан есімі ұмытылмасы анық. Айтпағымыз, тырнақ астынан кір іздей бергенше, бүгінгі кезде жарқ етіп шығып жатқан өнерлі жігіттерімізді, балуандарымызды, спортшыларымызды қадірлей білсек деген ой ғана…

Дереккөз: kazakh-tv.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*