Ордабасы ауданы педагогтарының дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаевтың қатысуымен Темірланда дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиында аудан әкімінің орынбасары ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады.

«Құрметті ұстаздар қауымы, Сіздерді індеттен кейінгі жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Биылғы жылдың ерекшлігі сол, балалар пандемия кезеңіндегі қашықтан оқудан кейін мектепке сағынышпен келіп, білім нәрін берген ұстаздарымен қауышқалы отыр. Ендеше жаңа басталған оқу жылында жетістіктер көп болып, білімді оқушыларымыз ауданымыздың атын шығара берсін», — деді аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев.

Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева баяндама жасап, мектептердің дәстүрлі оқу форматына дайындығын, білім беру мекемелеріндегі денсаулық сақтау шараларын айтып өтті.

Саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу басты стратегиялық міндет екендігіне тоқталған бас ұстаз мектептерде берілетін білімнің индикаторлық көрсеткіштерін көтеріп, адами капиталдың сапасын арттыру жағын тілге тиек етті.

«Биыл аудан бойынша 65 мектеп оқушыларға білім береді. Оның 50-і жалпы орта, 2-і негізгі орта, 13-і бастауыш мектеп. 2020-2021 оқу жылының қорытындысымен 36 105 оқушы оқу жылын аяқтаса, 2021-2022 жаңа оқу жылы 37 276 оқушымен басталады деп жоспарлануда. Яғни былтырғымен салыстырғанда 1 171 оқушыға көбейеді. Барлық білім беру мекемелері күзгі оқу маусымына дайын», — деді Шұға Нұрабаева өз баяндамасында.

Тамыз кеңесінде ауыл балаларына арналған жоба — «IQANAT-2021» олимпиадасында жеңіске жеткен Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп оқушысы Әбдіжапбар Ахметжан білімпаз жастарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Шара соңында білім беру саласының үздіктері салалық министрлік пен республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталды.

Дереккөз: Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*