Қазақты әлемге танытқан алғашқы қазақ

Қазақ халқы от тілді, орақ ауызды шешендеріне, қолына найзасын алып, қасқайып жауына қарсы шапқан батырларына, данагөй абыздарына кенде болмаған. Оларды әрқашан мақтан еткен, есімдерін ұлықтап отырған. Данагөйлер мен батагөйлерді қастерлеген ата-бабамыз алып күш иелерін де құрметтей білген. Ұрпақтарымыз мықты болсын деген халқымыз тау көтерген Толағайларды армандаған. Сондай Толағай, алып күшіне қоса жүректілігі мен ақылдылығы қабаттасқан жан — Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Оның есімін әр қазақ мақтан етеді. Ол өз дәуірінде әлемнің бар елін аралап, алып күшімен Қазақ деген халықты әлемге танытты. Бұл біздің бақытымыздың бастауы еді.

Биыл даңқты палуанның өмірге келгеніне 150 жыл. Өз дәуірінің теңдессіз алып күш иесінің есімі ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жалғаса береді. Оған күмән жоқ. Өйткені қазақ дейтін ел барда Қажымұқан бабамыздың есімі ұмытылмайды. Үнемі жадымызда жаңғырығады.

Қазір даңқты балуанның туған жылы мен туған жері туралы әр түрлі әңгіме, әр түрлі пікір бар. Осындай пікір қайшылықтарын ескере отырып «Қажымұқан жерінен Қажымұқан еліне» атты экспедиция ұйымдастырдық. Ынталы топ мүшелері батыр баба өмір сүрген аймақтарға іссапараларға барды. Қажымұқантанушылармен жүздесті, пікір алмасты. Ақмола облысының Қажымұқан ауылында, Түркістан облысының Отырар ауданының Ақтөбе ауылында болып, күш атасы атанған жанның өмірдеректерін жинастыру жұмыстарымен айналысты. Осы орайда, Ордабасылық ынталы топ мүшелеріне көмек көрсеткен Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Б.Оспанбеков пен Отырар ауданының әкімі Ә.Жүнісовке шынайы алғысымды білдіремін.

Дереккөздерге сүйенсек, Қажекең біздің Ордабасы ауданында үш жылға жуық өмірін өткізіпті. Әрине уақыт өлшемімен есептесек, көп мезгіл емес. Кейбір мәліметтерге қарағанда Шымкент қаласына жақын, әрі сол заманның заңғар ақыны Нұралы Нысанбайұлы ғұмыр кешкен топырақта өмірінді өткізейін, жамбасым жерге тисе атақты ақынның жанында жатайын деген де ой болған Қажекеңде деген әңгіме де бар ел арасында. Осы мәліметке зейін қойсақ, ой таразысына салсақ, шындықтан алыс та кетпейтін сияқтымыз. Қажымұқан бабамыз кезінде қазақтың көрнекті қаламгерлерімен аралас-құралас, сыйлас болған. Өзі де өнерден құр алақан емес. Кей-кейде көңіл пернесін ашып, өлең шумақтарынан ой түйген кездері аз емес. Сондықтан Нұралыдай жыр дүлділін пір тұтқан да болуы мүмкін. Әрі Темірлан ауылы облыс орталығы болған Шымкент қаласына жақын. Осындай есептермен Темірлан мен Нұралы ақын өмір сүрген Көктөбе ауылының ортасындағы бұрынғы Ленин туы, қазіргі Қажымұқан ауылын таңдауы бекер де болмаса керек.

Алып күш иесі жатқан қоныста баба кесенесі тәу етіп келушілердің құтты қонысы болып тұр. Ауылдастары абзал жанның рухын ұлықтап, Ленин туы атауын Қажымұқан деп өзгертті. Бұл да болса елдің палуанға деген құрметі десек, қателеспейміз. Сондай-ақ Темірландағы ең үлкен көше де батыр бабамыздың есімімен аталады. Орталықтағы стадион да Қажымұқан атын иемденген. Онда түрлі спорттық ісшаралар өткізіледі. Ең қуанарлығы қазақша күрестен аудандық «Ордабасы оттары» газетінің жүлдесі мен облыстық, республикалық жарыстар да осы стадионда ұйымдастырылатындығы көпшілікке мәлім.

Мұнан басқа Шымкент-Самара тас жолы бойында орналасқан палуан атындағы мұражайға еліміздің қонақтары ғана емес, шет елдік туристердің де қызыға келетін орын екендігін де мақтанышпен айтамыз.

Уақыт бір орында тұрып қалмайды. Заман ағымына сай өзгеріп отырады. Еліміздің экономикасы өсіп, мәдениетіміз бен әл-ауқатымыз артуына орай ұлы Жібек жолының бойымен Батыс Қытай-Батыс Еуропа автожолы салынып, пайдалануға берілді. Осыған орай осы күре жолдың бойынан, Қажымұқан ауылының үстінен палуан кесенесіне жақын маңнан Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешен құрылысы басталды. Оның жалпы алаңы 5,0 гектар. Мұнда 3 ғимарат салынады. Біріншісінде 126 келушіні қабылдай алатын көрме, 30 оқырманға арналған кітапхана залдары, кітап сақтайтын бөлме келушілерге қызмет көрсетеді. Екінші ғимаратта қонақ үй, 40 орындық асхана, 138 орындық мәжіліс залы, үшінші ғимаратта амфитеатр түрінде жасалған спорт залы бар. Онда қазақша күрестен аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар өткізіледі. Бұл спорт залында 146 көрермен орыны да бар. Кешенде саябақ та жасалынады. Бұл құрылыс жұмысы аяқталса, Темірландағы Қажымұқан мұражайындағы құнды жәдігерлер осы жерге көшіріледі. Заман талабына сай жасалынатын кешеннің қызметі қонақтарға ыңғайлы, әрі тиімді боларына сенімдіміз.

Сондай-ақ, ауданымыздағы Бадам ауылында палуан ата атымен аталатын мектеп те бар.

Мұның бәрі ордабасылық ағайындардың күш атасына деген құрметі.

Қажекеңнің қай жерде, қай жылы туылғанын келешек ұрпақ нақтылай жатар деген ниетпен жарықтықтың төлқұжатындағы мәліметті негізге ала отырып, биыл алып батырдың 150 жылдығы деп есептегенімізді оқырмандарға да айта кетуді жөн көрдім. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаевтың 2019 жылғы 8 қарашада еліміздің Премьер министрі Асқар Маминге арнайы хат жазып, 2021 жылы даңқты палуанның туылғанына 150 жылдығы болатынын, сондықтан, осы мерейтойға орай бірнеше ұсыныс жасағанын ескере отырып, осы кітапты үш тілде жарыққа шығаруды ұйғардық. Бұл кітапты тек қазақтар ғана оқып қоймастан, өзге ұлт өкілдері мен шет ел туристері де оқысын, таныссын, қазақты әлемге алғаш танытқан бабамыздың өмірін ұғынсын деген мақсат қойдық. Мақсатымыз орындалды ма, жоқ па, оны кітапты оқып шыққан соң бағасын өздеріңіз берерсіздер, қадірменді оқырман!

Өздеріңізге деген құрметпен:
Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы,
Түркістан облысы, Ордабасы ауданының әкімі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*