Күш атасы – Қажымұқан

Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған,
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан.
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң.
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…

Бұл Мұхтар Шахановтың Қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасов жайында жазған естеліктердің бір бөлігі ғана. Иә, расымен де Қажымұқан атамыз – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан екенін білмейтін адам жоқ шығар, сірә?!

Себебі ол орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы!

Биыл міне, қазақ халқының бетке ұстар азаматы бола білген және ел есінде мәңгі өшпес із қалдырған кәсіпқой балуан – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына 150 жыл толып отыр. Әлемнің 54 мемлекетінде күресіп, 48 медаль олжалаған балуанның мерейтойын мемлекеттік деңгейде тойлау қолға алынғандығы қуантады. Қажымұқан атамызды ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жыл сайын жастар арасында ұйымдастырылатын спорттық турнирлерден бөлек, 2017 жылдан бастап балуанның өмірі жайында «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильм де көрсетіліп келеді.

Қажымұқан бабамызды тек қара күштің иесі деп тануға болмайды. Өйткені ол әлемдік күрес аренасында өнер көрсеткен кәсіпқой спортшы даңқына бөленіп қана қоймай, домбыра шертіп, ән салып, ақын, сал серілік қасиетімен де танылған. Ал әңгіме арасында шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді қолданып сөйлейтін. Былай басталатын өлең жолдары оның сал-серілігінен де хабардар етіп тұрғандай:

Атандым Мұқан палуан, бала жастан,
Ішінде күштілердің болдым астым.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы заманындағы цирк өнерінің бірнеше түрін де меңгерген. Жазба деректеріне сүйенсек, Америка елінде орыс балуаны Иван Зайкин шаршап тұрса да көрермендер «тірі көпір» трюгін көрсетуді талап етеді. Ақша үшін цирк қожалары не істемейді дейсіз? Орыс балуаны көпір жасап, үстінен адам толы үш жүк машинасын бірінің үстінен бірін өткізіп жатқанда қайтыс болады. Қайталанбас трюктердің бірі орыс балуаны жасаған «Тірі көпір» трюгін қайталаған – тек Қажымұқан. Осы трюкті қайтыс болған досы Иван Поддубныйдың құрметіне есімін атап тұрып орындаған. Қажымұқан атамыз үшін үстінен машина өткізу, тастарды көтеру үйреншікті іс болған. Германияның бір қаласында жарыс болып жатқан кезде Қажымұқан атамыз өзгелердің қолынан келмейтін ерекше цирк өнерін көрсетеді. Әріптестерімен ақылдаса отырып, шығыс үлгісіндегі киімді киіп, үлкен түйенің үстіне мініп,, аренаға шығады. Аренаны бір айналғаннан кейін ортаға келіп тоқтап, түйеден түседі. Мінген түйесін желкесіне көтерген күйі сахнадан шығып кетеді.

Бала кезден есімде қалғаны, малды өріске айдағанда, ауыл ақсақалдары «Ернақтың мазарына» қарай жайыңдар дейдін еді. Сол жер осы Қажымұқанның атасы Шәдіұлы Ернақ батыр мен анасы Қабира Қалиқызы Лек немересі жерленген «Ернақ ата мазары» дейді шежіреші, ел ағасы, кезінде Қажымұқан атаның көзін көрген, қолына талай су құйған атамыз, Нұрғали Сарыпбеков. Атасы Ернақ ерекше күштің иесі болған дейді. Ернақ пен Айсарының төрт ұлдары болады. Үлкендері Таңатар мен Марқа ерте қайтыс болады. Ал Мұңайтпас пен Тәшім атты екі ұлдарынан ұрпақтар жалғасады.

Ернақ қайтыс болғанда Лек палуан сүйек жаңғырту үшін өз немересі Қалиқызы Қабираны Мұңайтпасқа қосады. Мұңайтпас ата мен Қабира ананың алғашқылары егіз бала болып, аттарын Асан, Үсен қояды. Бірақ олар шетінеп кетеді. Арасын ұзартып барып бала көтерген Қабираның толғағы ауыр болып, баланы өмірге әкеле сала өзі қайтыс болады. Сәбиді әжесі Айсары бауырына басады. Балаға Мұхан деп ат қояды. Мұхан ерекше ірі болады. Жас кезінде Айсары әже қасынан бір елі тастамай ертіп жүретін Мұханды бар ауыл «Дәу» деп атайды екен.

Ал нағашы атасы Лек палуан ағаштарды тамырымен жұлған деген аңыз бар. Әкесі Мұңайтпас та өте күшті адам болды. Күрес жарыстарына қатысып, «жуанаяқ палуан» деген атпен танылған.

Еліміздің көптеген спорт майталмандары Олимпиада жарыстарына аттанарда Қажымұқан атамыздың кесенесіне келіп, Құран бағыштап, рухани күш алып, жеңіспен оралсақ деп тілек тілейді. Ал елімізде өскелең ұрпақ Қажымұқан Мұңайтпасұлын терең білуі үшін аты әлемге әйгілі балуанға арналып ескерткіш пен мұражай бой көтерген. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде Қажымұқан атындағы үлкен бас орталық көше, стадион мен мұражай бар. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы стадионға да атамыздың есімі берілген. «Зерделі» ауылы Қажымұқанның жүз отыз жылдық мерейтойына орай «Қажымұқан» ауылы деп өзгертілді.

Кеңес Одағының ішкі істер халық комиссариатының жалған айып тағуымен қатар, қудалауға ұшыратқанына қарамастан, ақтық демі қалғанша, өз кезеңінде орын алып жатқан жағдайларға бей-жай қарамай, көмегім тисе екен деп өткен Қажымұқан атамыздың ерлігі мен табандылығы, қайсарлығы мен батылдығы есімізде мәңгі сақталмақ.

Мен білетін бабамыздың соңғы қосылған жары Бибігүлден Жанәбіл есімді ұлы. Жанәбіл ағамыз қарапайым мінезді, ер тұлғалы еді. Інілерге мейірімді, ағалық ақылын айтып, талай арқамнан қағып еді. Денесі де әкесіне ұқсайтын ірі еді.

Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, үнемі жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға – қазақтың нағыз хас батыры болып қала бермек.

Бұл жазып отырған әңгімеміз, бір жағынан, естелік, екінші жағынан өзгелерге ой салу. Әлі де болса, Қажекеңнің өмірі, қызметі жөнінде мағлұматтар сарқылған жоқ, әлі де жазылады…

Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамыз биыл 150 жасқа толып отыр.

Батыр бабамыздың 150 жылдығы осы жылы республика аумағында атап өтілуде. Бүгін әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты салтанатты ашылу рәсімін кең көлемде атап өту мүмкін болмады. Десек те, бұған қарамастан бабамыздың 150 жылдығы лайықты, жоғары деңгейде мерекеленетін болады. Қажымұқан Мұңайтпасұылынң есімін ұлықтау, мәңгілік есте қалдыру мақсатында арнайы республикалық іс-шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, бабамыздың өзі жерленген Түркістан облысы, Ордабасы ауданында үлкен мемориалдық кешен биыл бой көтеруде. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізі бойынан бой көтеретіңн кешенге Темірлан ауылындағы музей көшіріліп, 5 гектарды құрайтын аумақ туристік орынға айналатын болады.

Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дей келе, өткен тарихымызға құрметпен қарап, жас ұрпаққа және бүгінгі буынға Ұлы даланың тау тұлғаларының ерлігін, өмірін кеңінен насихаттауға ерекше назар аударды. Қажымұқан Мұңайтпасұлы – ел есінде есімі өшпестей сақталған сол ұлы тұлғалардың бірі.

Қажымұқан бабамыз – біз үшін мәңгі жадымызда қалар, дара туған сом тұлға. Елін, жерін сүйген, қанша қиыншылық көрсе де мойымаған, қажырлы қайратымен, алапат күшімен, ақыл-парасатымен ел сүйіктісіне айналған батыр бабамыздың елімен, ұлтымен бірге мәңгі жасай берері анық.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*