9 мамыр. Шымкент қаласы әкімінің құттықтауы

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында орасан қасіретімен таңбаланды. Бұл – халқымыздың ХХ ғасырдағы аласапыран мен зұлматқа толы тарихындағы ең қасіретті кезеңі. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз жарқын болашаққа деген жүректегі нық сенімінің, Отаншылдығының, жанкешті ерлігінің арқасында сұм соғыста жауды жеңіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Біз осындай жеңімпаз әкелердің ұлы, өр рухы бар халықтың ұрпағы екенімізді әрдайым мақтан тұтамыз.

Ұлы Жеңіске қол жеткізген күннен бері 76 жыл өтті. Бірақ, сол сұрапыл соғыс пен елдің ерлігі әлі күнге халық жадында сақталып қалды. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі азаматтары ел қорғаған ерлерінің өмірін өнеге тұтып, есімдерін ардақтауы қажет. «Ешкім де ештеңе де ұмытылмайды» деген қанатты сөз көңілімізден өшпейтіні ақиқат.

Өкінішке қарай, майдан даласынан аман қайтқан сарбаздардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Қазір Шымкентте Ұлы Отан соғысының 20 ардагері мен 3 мыңнан аса тыл ардагері тұрады. Ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігіне лайық болуы тиіс.

Аталарымыздың Ұлы Жеңіске қандай қиындықпен жеткенін әрдайым жадымызда ұстап, қаза тапқандарды қадір тұту, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету — біздің перзенттік парызымыз!

Құрметті ардагерлер!

Бүгінгі бейбіт ғұмырымыз бен бақытты болашағымыз үшін Сіздерге алғысымызды білдіреміз! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілейміз!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*