Күш атасы Қажымұқан өз қолымен толтырған өмірбаянында Ақмола облысында дүниеге келгенін жазады. Оған дау жоқ. Алайда, Отырар ауданы, Шілік ауылдық округі Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келді деген сөз ертеден айтылып келеді.
Сол Ақтөбеде өткен келелі жиында күш атасының көзін көрген ағайыны, бүгінде марқұм Дүрман Есжанов ақсақал «Қажымұқанның атасы Ернақ Шiлiк елдi мекенiнен шығаберiс жердегi қорымда жерленген.
Балуан бабамыз – күллi қазақтың ғана емес, исi мұсылман жұртының мақтанышы. Шетелдерге барып күрескенде алдымен Аллаға сиынып, Қобыланды бабасына дұға бағыштап, күрес алаңына шыққан. Мұңайтпас Ақтөбеден көшкенде Қажымұқан әлi буыны қатпаған нәресте. Әкесi дүние салған соң, анасы балуанға туған жерге қайта қоныс аударуды үнемi айтып отырған», деген естелік айтып отырады екен. Қажымұқан ата-баба қонысына 1934 жылы оралады. Ауылдын биік жотасынан қоржын там салады. Бірақ, тіршілік жағдайы қиындаған соң жол бойындағы Ордабасы ауданы, Темірлан ауылына 1947 жылы көшіп, өмірінің аяғына дейін сол жерде тұрады.
– Ақтөбеде балуан тұрған үйдiң орнында бүгiнде ашық аспан астындағы мұражай бой көтерді. Тозған үйдi ауылдағы бiлiм ошағы өз қарамағына алып, қайта қалпына келтiрді, – дейді Ақтөбе ауылындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орта мектептiң директоры Жангелдi Нұров. – Мұражайдың iшi-сырты реттелiп, күрделi жөндеуден өттi. 2009 жылы демеушiлердiң көмегiмен балуанның ескi үйiнiң орнына дәл сондай қоржын там салынып, төбесi су өтпейтiн қаңылтырмен қапталды. Мұражайда батыр бабамыздың ел iшiндегi туған-туыстары мен дос-жарандарынан жиналған құнды жәдiгерлер сақтаулы тұр.
Сол мұражайды заманауи талаптарға сай жасақтап, жанынан саябақ құрылысын жоспарлап, арнайы жоба да жасадық. Жоспарымыз iске асса, бабамыз тұрған орын гүлзар баққа айналып, ауыл тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына айналмақ.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ руханиятының ұлы тұлғасы. Тау тұлғаны қалай ұлықтаса да жарасады. Iзiн жалғайтын, тарихты ұмытпайтын ұрпақтары бар жерде ұлы бабаның мұрасы өлмек, өшпек емес. Ойға алған мақсатқа жету үшiн арнайы шот ашылып, қор құрылды.
Бұл мақсат та орындалар. Әзірге Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан бабамыз өз қолымен кірпішін қалаған, жотаға салған үйінің қаз қалпына келтірілген нобайы көзге оттай басылады.
Харбинде өткен Ресей-Жапония балуандарының белдесуінен кейін жапонның бас балуаны Саракики Джифонду өлім мен өмір беттескен джиу-джитсу жекпе-жегіне шақырғанда орыс балуандары бас бұғып қалады. Сонда «жаным – арымның садағасы» деп Қажымұқан буырқанып кілемге шығады. Арғы жағы оқырмандарға белгілі. Қайдағы Ресей империясы үшін емес, өз елінің, өзінің намысы үшін өлімнен қаймықпаған қазақтың бас батыры алаш баласына қашанда үлгі. Бар қазаққа тең батыр ерлігі бүгінде спортшыларымызды шарқайрақтай қайрап жүр.
Дереккөз: «Егемен Қазақстан» газеті (06.09.2017)