Қажымұқан көтерген тас

Ғасырға жуық уақыт бұрын қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов Баянауылдағы досы Сүбек ұстаның үйінің іргесіне таудан алып тасты көтеріп әкеліп орнатыпты. Алып тасты алып келерде таразыға салып өлшемеген, әрине. Кейін ғой тастың салмағы 480 келі екені мәлім болғаны.

Сүбек ұста Баянауылға таны­мал болған деседі. Дерек­тер­ге қарағанда, өткен ғасыр­дың жиыр­масыншы жылдары Қажы­мұ­қан бабамыз Павлодар уезі Ақ­келін, Далба болыстарын ара­лап өнер көрсеткен. Бөре­ненің басына зіңгіттей жігіт­тер­ді отырғызып, одан қалса әлі құрық тимеген асаудың төрт ая­­ғын біріктіріп тырп еткіз­бей иы­ғына салып көтереді екен. Ал ұста ардақты балуан ойын көр­сеткенде қолданатын темір құрал­дарын дайындап отыр­ған. Қажымұқан халық алды­на шы­ғып, кеудесіне көлде­нең сал­ған тасты Сүбекке ұрғы­зып сындыртқан. Осы оқиға­ны көр­ген Мәшһүр Жүсіп Көпеев­тің «Қажы­мұқан» атты поэмасы бар.

Балуанның қара күшіне тәнті болған ауыл адамдары алдына отыз жылқы салып береді. Баян­ауылдағы Сүбек ұстаның үйіне түскен Қажымұқан жол жү­рерінде досына олжасынан қалағанынша үлес алуын өтінеді. Ұста досының ние­тіне ризалығын білдіріп: «Қажеке, мал соқса – желдікі, айдаса –жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұ­дан кейін туар, тумас. Анау тау­дан көтеріп бір үлкен тас әкеліп, осында орнатып кетіңіз, қайра­тыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын», – дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан таудан үлкен тасты көтеріп әкеліп, үйінің іргесіне қойып беріпті. Сол тас жуырда Баянауылдан Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірланға әкелінді. Қ.Мұңайтпасов атындағы музейге тапсырылды.

Осы бір игі істі ұйымдас­ты­рып, жүзеге асырған – Қуа­ныш­бек Қасымбек Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Павлодар облысы бо­йын­ша департаментінің жауап­ты қызметкері. Темірланға көрші Төрткүл ауылының тумасы. Сәуірде ауылына ол баян­ауылдық досын ерте келген екен. Ауыл-аймақты аралатқан. Дас­тарқан басындағы бір әңгі­меде ауылдас қариялар до­сы­нан Баянауылдағы Қажымұқан көтерген алып тас жайлы сұрапты. Қуанышбек Темірландағы музей қызметкерлеріне жолығып, алып тастың тарихына қанық­қан. Музей қызметкерлері Пав­лодарға 2-3 рет хат жазып тас­ты алдыра алмағанын, ал көшір­­месін жасатуға көп қара­жат қажет болғанын айтыпты. «Көп ұзамай павлодарлық шежіреші Рамазан Нұрғалиевпен әңгімелесіп, тастың көшірмесін жасатамыз деп шештік.

Алайда тастың көшірмесін жасаушы ұста тастың икемге келмей, қайта-қайта сына беретінін айтты. Сондықтан тастың түпнұсқасы тұрған Қабдірашид Мәжитов деген ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, мән-жайды түсіндір­дік. Ақсақал тасты Темірланға әкетуімізге рұқсатын берді. Қабдірашид қарияның айтуынша, бұл алып тас оған бала кезінен таныс. Сүбек ұстаның екі қызы тұрмысқа шығып, жәдігер қараусыз қалғаннан кейін Қабді­рашид қария оны ауласы­на әкеліп қойыпты, – дейді Қуаныш­бек Әбдіғаппарұлы.

Осылайша өз заманында жауырыны жерге тимеген Қажы­мұқан бабамыз көтерген алып тас Темірландағы музейге салтанатты түрде тапсырылды. Сонымен қатар Баянауылда күш атасының өнерін өз көзімен көріп, мәңгілік өлмейтін жыр жазған МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының еңбектері де музейге табыс етілді.

Дереккөз: «Егемен Қазақстан» газеті (14.08.2018)

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Сарыағашта «Ханбибі оқулары» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

Бүгін Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде жастар арасында Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Ханбибі оқулары» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ...

Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестиваліне шақырамыз

Қадірлі театрсүйер қауым! 2024 жылдың 6-11 қараша аралығында Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық Қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған ...