Сүт фермасының өндірістік қуаттылығы артты (видео)

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы сүт фермасы заманауи технологияның арқасында өнім көлемін екі есеге арттырды, деп хабарлайды Xnews «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бүгінде шаруашылық тәулігіне 15 тонна сүт өңдеп, дайын өнім шығарады. Фермадағы барлық жұмыс автоматтандырылған. Өӊірде баламасы жоқ кәсіпорын еліміздегі еӊ озық сүт фермаларыныӊ үштігіне кіреді.

Сүт фермасында қолмен істейтін жұмыс жоқ. Барлығы автоматтандырылған. Аға оператор Нұрғалидың міндетті – құлтемірді басқара отырып, күніне 100-ден аса сиырдың уақытында сауылуын қадағалау. Қарны тойып, желіні сыздаған сиырды іріктеп, желінін жуатын да, сауылған сүтті бірден танкерге жіберетін де робот. Қораны тазарту, желдету, малдың астын тазалауды анықтау жұмыстары да құлтемірге жүктелген.

Нұрғали Қалбаев, аға оператор:

  • Төрт сағат сайын сауылады бірінші туған кезде. Одан кейін 5-6 сағат. Желіні толған кезде сиырлар өздері келіп, сауылады. Алдына жем беріледі. Адам ешнәрсе істемейді. Тек қана бақылаймыз.

Қазір фермада Мажарстаннан әкелінген мыңнан астам Зеңгі баба тұқымы бар. Оның 600-дейі сауын сиыр. Асыл тұқымды малдың әрқайсысы күніне 30 литрге дейін сүт береді. Шаруашылықта 100-ге жуық адам еңбек етеді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Ауамен араласпаған, адам қолы тимеген сүт автоматты желі арқылы зауытқа тіке жеткізіледі. Қайнатылады, өңделеді, құтыға құйылады. Қазір мұнда 15 түрлі сүт өнімі шығарылады. Әсіресе, май мен құртқа сұраныс жоғары.

Ержан Жүнісов, сүт зауытының өкілі:

  • Өңдеп шығаратынымыз күніне 15 тонна. Қазіргі тұтынушымыз Шымкент қаласы мен Түркістан облысы. Келешекте Алматы мен Таразға шығару жоспарда бар.

Сүт фермасы мемлекеттік бағдарлама аясында осыдан 5 жыл бұрын құрылған. Өңірде баламасы жоқ кәсіпорын болса да, ферманың иелігінде 20 гектар ғана жері бар. Қажетті жем-шөпті сонда егеді. Жетпегенін сатып алады. Есесіне жем-шөп пен сатып алынған техникаға Үкімет субсидя төлейді. Мемлекеттің мұндай қолдауы аймақта сүт өңдеу ісін өрістетіп, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

© 24.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*