Ордабасы ауданының полиция бастығы халықпен онлайн кездесті

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Қуашбаев 2020 жылы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауданда атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша баяндама жасап, карантин талаптарына сай онлайн режимінде аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Аудан аумағында 9 полиция учаскелік тірек бекеті, 21 қызметтік автокөлік бар, жалпы 116 полиция қызметкері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жүйелі жұмыс нәтижесінде былтыр қылмыс деңгейі 27,3 пайызға төмендеген. Әсіресе, қылмыстардың негізгі үлесін құрайтын ұрлық 175-тен 75-ке, яғни 57,1 пайызға, оның ішінде мал ұрлығы 46-дан 8-ге , яғни 82,6 пайызға кеміген.

Ордабасы АПБ-нің қызметкерлерімен 2020 жылдың 12 ай көлемінде жалпы 13596 әкімшілік хаттама толтырылды. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлерімен және патрулдік полиция тобының қызметкерлерімен рәсімделген хаттамалар негізінде 82 млн 937 мың 010 теңге айыппұл салынған. Айыппұлды өндіру деңгейі 61,8 пайызды құрады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының талаптарын орындау үшін бүгінгі таңда сыртқы қызмет полицейлері 42 планшет пен 41 бейнежетон пайдалануда. Яғни патрулдік полиция және учаскелік полицейлер 100 пайыз планшетпен қамтылған. Ал тергеу-жедел бөлімшелеріне жергілікті бюджет қаражатынан электронды іс жүргізу үшін 12 компьютер сатып алынды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге орай, аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев сөз алып, аудандық полиция бөлімінің басшысына бірқатар ұсыныс айтты. Тұрғындар бейнебайланыс жүйесі арқылы сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан тиянақты жауап алды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*