Түркістан облысында аграрлық секторды озық технологияға икемдеуде Сайрам ауданы көш бастады,-деп хабарлайды Xnews.
Жаңбырлатып суару үшін пайдаланылатын АҚШ-тан әкелінетін арнайы техника осы ауданда шығарылмақ. Импорттық техниканың баламасын жасап шығару ісі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолдау тапты.
Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған облыс басшысы аталған зауыттың жұмысымен танысты. «Kaspy Construction» ЖШС бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығару ісін жолға қойған. Егін алқабын жаңбырлатып суаратын құрылғыларды қолға алған кәсіпорын тас майлайтын, дақыл тазалайтын қондырғылар өндірісін жүзеге асырып келеді. Суды үнемдеп, өнім түсімін төрт есеге дейін арттыратын жаңбырлатып суару техникасын жасап шығаратын кәсіпорынды Түркістан қаласынан да ашу көзделген.
Аймақ басшысы Ақсукент ауылдық округінде сұйытылған газ сақтайтын және сататын «Gaz Standart System» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Өндірісте Шымкент қаласы, Атырау және Қызылорда облыстық мұнай өңдеу зауыттарының шикізаты қолданылады. Облыс әкімі сапар барысында кәсіпорынның ішкі нарықты қамтамасыз ету мүмкіндігін зерделеп, бірқатар тапсырма жүктеді. Өмірзақ Естайұлына аудандық коммуналдық салада атқарылып жатқан жұмыстар мен 12 елді мекенді табиғи газбен қамту мәселелері таныстырылды.