Тұрғындардың талабынан кейін шошқа фермасы уақытша жабылды

Ақтөбе облысы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасын жабу туралы тұрғындар шағымы тексеріледі, деп хабарлайды Qazaqstan арнасы.

Шаруашылықтың экологиялық заңдылықтарды бұзып отырғанын мамандар да растады. Ауылдықтар сойылған арам жануардың ішек-қарыны айлап көмілмей далада жататынын айтып жиналған еді. Ең сорақысы, зиянды қалдықтар ішіп отырған суларына дейін бүлдірген. Бұл мәселе кешелі бері облыс басшыларына дейін жетті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

  • Ферманың дәл жанынан ұзындығы ат шаптырым болатын мынадай траншеялар қазылған. Алайда сойылған шошқаның ішек қарындары мен басқа да қалдықтар талапқа сай көмілмеген. Тұрғындардың айтуынша, қазірге дейін ондаған гектар жер бүлініп үлгерген.
    Тұрғындардың осылай арызданып келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болған. Алайда, шағымдарын естір құлақ болмай тұр. Олар кәсіпкер алғашында шошқа өсіремін деп емес, құс шаруашылығын дамытамын деп алдап соқты дейді.

Ерболат Кенетаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:

  • Мына тұрған Бесқоспа, Қараағаш, Алғаға дейін иіс,иқай жақтан жел соқса, сол жаққа мықты шығады.
    Мына көріністерді бірер күн бұрын ғана ауыл тұрғындары түсіріп алған. Алайда, тілшілер келем дегенше ферма қызметкерлері оны көміп үлгерген. Ауылдықтар қалдықтар мен шошқа өлекселері бір кейде екі айға дейін көмілмей ашық жатады дейді. Ферма орналасқан аумақ қоршауға алынған. Тұрғындар соның салдарынан арғы беттегі туыстарының бейітіне де бара алмай отыр. Оның үстіне бұл ауылда әйгілі Есет батырдың кесенесі бар.

Мақсат Жолдыбаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:

  • Жабу керек мына шошқа базды. Суға құйып жатыр, боқтығы, бәрін. Қырылды балықтар. Мұны малымыз да, адам да ішіп жатыр.
    40 мың шошқа өсіретін ферма иесі қазір шет елде екен. Ал, орнындағы жауапты адам экологияға орасан зор зиян келтіріп отырғанын мойындады. Айтуынша, күніне 280 шошқа сойылады. Соңғы 20 күннен бері 6 мың шошқаның ішек қарыны ашық жатқан.

Нұрым Құмаров, ферманың атқарушы директоры:

  • Утилизация, крематорий бар. Ішектер іштегі қалған. (Оны неге көміп жатырсыздар?) Бізде экструдер бар, сол сынып қалды. Сосын көміп тастадық.
    Кездесуге келген аудан басшысы ферманы жабуға нақты себеп болу керектігін алға тартты. Ал, аймақтың бас экологы ферманың заң бұзып отырғаны анық дейді.

Нұржан Аққұл, облыстық экология департаментінің басшысы:

  • Әрине, экологиялық заңдылықтарды бұзғаны анық көрініп тұр. Мұндай жағдайларда тиісті заңға сәйкес қорытынды жасалады. Сол экологиялық заңдылықтар бойынша барлық БАҚ-ты қорытындысымен хабардар ететін боламыз.
    Осы жағдайға байланысты құрылған комиссия құрамына ауыл адамдары да енеді. Тұрғындар талабы өңір басшыларына да жетті. Облыс әкімі әлеуметтік желі арқылы жағдайды бақылауға алғанын хабарлады. Бүгіннен бастап фермада шошқа союға уақытша тыйым салынды.
© Еуразия телеарнасы

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*