Ордабасыдағы орталық аурухана сақадай сай

Елді алаңдатқан коронавирустың екінші толқыны ентелей енбесе де есік қағып тұр. Ал елдің шығыс өңірі мен солтүстік, орталық аймақтарында айтарлықтай қауіп тудыруда. Ендеше, біз де етек-жеңімізді жиып, айналамызды қымтап, сақтық, дайындық шараларын күшейтуіміз керектігі айтпаса да түсінікті.

Осы мақсатта біз газетіміздің алдыңғы сандарында бірнеше аудандағы дайындық мәселесін баяндаған болатынбыз. Жуырда Ордабасы ауданындағы жағдайға да қанықтық. Аудандық аурухананың бас дәрігері Бахытжан Мырзагелдиев ауруханада атқарылған жұмыстармен таныстырды. Куә болғанымыздай, Ордабасы ауданында екінші толқынға деген дайындық өзге әріптестеріне үлгі боларлықтай дәрежеде екен.

«COVID-19 – аса сақтықты, ұқыптылықты қажет ететін қауіпті індет екенін көрсетті, – деп бастады әңгімесін Бахытжан Мырзалыұлы. – Алғашқы толқында ауданымызда 5506 адам бақыланды. №1 инфекциялық госпитальда 156 сырқат емделіп шықты. Өкінішке қарай, екеуінің өмірін сақтай алмадық. Науқастардың азаюына байланысты ол уақытша жабылды. №1 провизорлық бақылауда болған 85 адамның сегізінен оң нәтиже шықса, №2 провизорлық бақылауда болған 951 адамның 931-і емделді. Оның 15-інен оң нәтиже шығып, госпитальға ауыстырылды.

Соңғы кезде туындаған жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап №2 инфекциялық стационар қайта ашылды. Онда бүгінге дейін 18 адам бақылауда болды. 21 тамызда инфекция бөлімінен уақытша изолятор аштық. 323 адам ПТР сынамасын тапсырып, теріс нәтиже көрсетіп, толық ем алды. 297 адам обсерваторлық бақылауда болды. Олардың 184-і Атырауда вахталық жұмыс істеген. 75 адамның сынама қортындысы оң нәтиже берді. Олардың 56-сы ауруханада ем алып, симптомсыз болған 17 азамат үй жағдайында емделді. Жалпы алғанда, 5348 науқас үй бақылауында болса, 1176-сы Алматыдан, 800-і Нұр-Сұлтан, 700 адам басқа қалалардан, 170 азамат шет мемлекеттен келген.

Екінші толқында аудан көлемінде бес науқас расталған жағдаймен тіркелді. Олардың төртеуі Қарақұм, біреуі Қараспан елдімекенінен. Сайрам аудандық инфекциялық стационарда бір науқас ем алып шықты. Біреуі өзіміздегі инфекциялық стационарда ем алуда. Үш науқас симптомсыз болып үй жағдайында бақылауда. Барлық тіркелген науқастар бойынша эпидемиологиялық тексерулер жүргізілді.

Айта кетерлік жағамды жаңалық, 14 қазаннан бастап Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ПТР (ВТС) зертханасы ашылды. Қазіргі таңға дейін ол зертханада 6153 ПТР сынамасы алынды. Қазан айында Арыстан 497, аудандық ауруханадан 1530, барлығы 2027 сынама, қарашада аудандық ауруханадан 1583, Арыстан 1407, Бәйдібек ауданынан 1141 сынама тексерілді. Олардың бесеуі оң нәтиже көрсетті. Ордабасы аудандық орталық ауруханасына түскен коронавирусқа күдікті науқастардан бүгінгі таңға дейін 9669 ПТР сынама алынды.

Бізде биыл көп жаңалықтар орын алды. Негізгі корпусымыздың артқы жағында аурухананың ескі ғимараты болатын. Соны өзіміздің үнемдеген қаражатқа толықтай күрделі жөндеуден өткіздік. Қабырғасынан басқасын толықтай жаңарттық. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековке көп рахмет, есік, линолеум, басқа да сантехникалық заттарды демеушілердің есебінен ұйымдастырып берді. Бүгінде пневмонияға шалдыққандарға арналған 100 орындық стационар дайын тұр. Одан бөлек Сovid-19 жұқтырғандарға арналған 20 орын бар. Емдеуші дәрігерлерге төрт бөлме жасақталды. Айтқан жерден аулақ, екінші толқын келе қалса, дәрігерлер осында жатып жұмыс істейді. Олар үшін қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге жан-жақты жағдай жасалды. Бір сәтке дем алып, теледидар тамашалауға да мүмкіндік бар. Зертхана да осы ғимаратта орналасқан. Оған кіретін есік өз алдына бөлек.

Сovid-19 жұқтырғандар әр палатаға екеуден жатады. Олардың әрқайсына «ИВЛ» мен жасанды тыныс алу аппараттары қойылған. Жалпы, жеті орындық жансақтау бөлімі дайын тұр. Егер қажеттілік туындап жатса, оның санын көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Үнемделген қаражатқа жаңа жүз төсек орын сатып алғанбыз. Концентратор артығымен тұр. Әр ауылдың өзіне кемі біреуден кенцентратор таратып қойдық. Қажет болса, қосымша қамтамасыз ете аламыз.

Қиын күндер де өтер. Болашақта бұл ғимарат қандай мақсатта пайдаланылады деген сұрақ туындауы мүмкін. Біздің негізгі міндетіміз – науқастарға жағдай жасау, сапалы ем жүргізу. Сол себепті болашақта мұны сауықтыру орталығы ретінде пайдалансақ дейміз. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Үш бөлмеде жаттығу залы, ем қабылдау бөлмелері болады.

Келесі жылы аурухананың басты корпусын күрделі жөндеуге қойсақ деген жоспарымыз бар. Сол кезде жергілікті тұрғындарды әуре-сарсаңға салмас үшін аурухананың бір қанатындағы 40 төсектен құралған 120 орындық үш бөлімді кезең-кезеңімен осында көшіреміз. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін бөлімдерді қайта өз орындарына жайғастырамыз. Сонда халық ауданнан алыс кетіп, әуре болмайды.

Өзіміздің үнемдеген қаражатымызға бес кір жуатын машина алдық. Қазан айынан бастап аурухана толықтай газбен жылитын болды. Биыл ауруханаға газ тартып үлгере алмай қалуымыз да мүмкін деген қауіптен, яғни сақтық мақсатында көмір де түсіріп алған болатынбыз. Бұйыртса, оны келесі жылы ауылдық ауруханаларға таратып береміз. Сонда келесі жылы көмір сатып алмайтын боламыз».

Бірнеше мәрте шетелде болып, дамыған мемлекеттердің медицина саласындағы озық үлгілерімен танысқан білікті басшы Бахытжан Мырзагелдиевтің бастамасымен Ордабасы аудандық орталық ауруханасында биыл көптеген жұмыстар атқарылыпты және осының көпшілігін бюджетке алақан жая бермей, өздеріндегі үнемделген қаржымен іске асырған. Істің көзін табу деген осы болса керек. Бұл көп басшыларға үлгі болатын қасиет.

Дереккөз: «Өзге пікір» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*