Бүгін Ақмола облысы Талапкер ауылында бірнеше күн бұрын Көктал ықшам ауданында төбелес кезінде пышақ жарақатынан көз жұмған Жанболат Ағаділ жер қойнына берілді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне ауа райының суық болғанына қарамастан 200-ден астам адам жиналған. Басқа өңірден келгендер де бар.
Бейіт басында қоғам белсендісі Балташ Тұрсымбаев сөз сөйлеп, қазақ халқы елін, жерін сүйген ұлдарынан айырылып жатқанын айтқан.
Сонымен қатар қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы сөз сөйлеп, бірнеше күн бұрын Жанболатпен кездескенін атап өткен.
«Бұл ауыр қаза. Бірнеше күн бұрын ғана осы жерде Жанболатпен кездескен едім. Әкесінің басына ескерткіш тақта орнату үшін жиналғанбыз. Ұстамды, сабырлы, арлы бала. Кез келген төбелеске кірісе кететін бала емес», — дейді ол.
Еске сала кетсек, 10 қарашада елордадағы Көктал шағын ауданында жаппай төбелес болып, пышақ жарақатынан 17 жастағы Жанболат Ағаділ көз жұмды.
Iшкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы оқиғаның қалай болғанын баяндап, марқұмның өліміне күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Санжар Әділовтің сөзінше, жанжал ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекенінің жастары арасында туындаған. Ауызша кикілжің төбелеске ұласқан. Оған Жанболат Ағаділ де қатысқан. Салдарынан ол пышақ жарақатын алып, жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.
Қазіргі таңда төбелестің барлық қатысушылары ұсталған. Сонымен бірге негізгі күдікті тұлғалар тұтқындалған.