Қыдырбек Рыспек: Сырттан спортшы шақыру – өзіңде барды бағаламаумен тең

ҚазАқпарат — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ» бөлімінде: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды»,- деп жазады. Кейінгі жарты ғасырға дейін Ұлы даладан тараған атқа мініп жарысу жүздеген жылдар бойы адамзат баласы үшін ең үлкен спорт болды. Оның түрлі тармақтары да көп. Уақыт өтіп, заманалар өзгерген тұста адамзат баласы үшін спорттың маңызы артты. Осы орайда қазақ спортының жылнамашысы, белгілі жазушы – журналист Қыдырбек Рысбекпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Алдымен, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз: қанша Олимпиада, әлем, Еуропа, СССР және Қазақстан чемпионаттарында журналист ретінде болдыңыз? Қанша елде спорттық жарыстарды көрдіңіз? Қанша мақала және кітап жаздыңыз? Шетел тіліне аударылғаны бар ма? Шетел журналистерінен қанша достарыңыз бар? Кімдермен араласып тұрасыз?

— Алланың қалауымен 1992, 1996, 2000, 2004, 2008 жылдардағы (Барселона, Атланта, Сидней, Афины, Пекин) жазғы Олимпиадаларда, 2014 жылғы қысқы Сочи олимпиадасында болдым. 1992 жылғы Барселона Олимпиадасына азаттық алған Қазақ елінен ең алғашқы сапта Несіп Жүнісбайұлы, Дендербай Егізов, Ермұрат Бапи және мен – төртеуміздің жолымыз түсті. Біз барған әлем чемпионаттарын санап шығу оңай емес. Ең есте қалғандары 1993,1995, 2019 жылдары Швеция мен Чехияда, Астанада күрестен өткен әлем чемпионаттары. Дзюдо, мотоцикл, басқа спорт түрлерінен куә болған әлем чемпионаттары жадымыздан өше қоймаса да, күн санап алыстап барады. 1998, 2002, 2009, 2010, 2014 жылдары Тайланд, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай, жазғы Азия ойындарына бардық. Тоқсаныншы жылдары Жапониядағы, Филиппиндегі, Гуанжоудағы, Бішкектегі, Ташкенттегі, Алматыдағы Азия чемпионаттарын көрдік. Одан беріде Таулы Алтайда қазақ күресінен болған Азия чемпионатына қатыстық. Сауд Арабиясында Ислам ойындарына жол түсті. Қанша елде болғанымызды қазір санап шығу қиындау. Бұйырған елдің дәмін таттық. Кейінгі оншақты жылда Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаттарына көп бара қойған жоқпын. Есейгендікі ме, мына дүниенің жалғандығын ұққандықтан ба, қызылды-жасылды, у-дуы мол жерлерден қашықтау жүретін болдық.

Жазған мақала, очерк, сұхбаттарды санаған емеспін. Жинақтаса, кемі екі том болары анық. Ал кітаптарға келсек, әр жылдары «Дәулет» (2 рет басылды), «Берікқазы» (2 рет басылды), «Бекзат», «Манап мектебі» деректі хикаяттарым және «Тұлпардың тұяғы» атты очерктер жинағым жарық көрді. 1996 жылы «Қазақ балуандары» атты 50 балуанның тарихын жинақтап шығардым. 1999 жылы 75 қазақ боксшысының тарихын қамтитын «Қазақ боксшылары» тарихи, деректі жинағы өмірге келді. 2009,2011 менің ұйымдастыруыммен екі томдық «Қазақ олимпиадашылары» жарық көрді.

Кітаптарымды шетел тілдеріне аудартуға тырысқан емеспін. Шетелдік журналистерден біраз әріптестер бар. Түрік бауырлар Ұлығ Ыншал мен Әли Күміс, малайзиялық көгалдағы хоккей білгірі Мұстафа Камаруддин, күрестің майталман журналисі, швед Сеге Берглунд, қырғыздың атақты спорт журналисі Қабыл бауырымызбен әлемдік айтулы додаларда бірге жүрдік. Шыны керек, кейінгі жылдары спорт жарыстарына жиі бармағандықтан кейінгі толқын жастар жағын біле бермеймін.

— Қазақ елінен шыққан спортшылардың тамаша антологиясын жасадыңыз, жалғастырып та жатырсыз. Бұл естеліктер қалай жазылады? Спортшылардың бірқатарымен дос екеніңізді білеміз. Естеліктер көзбен көрген, құлақпен естіген жәйттерден тұрса деректі. Спортшылар туралы туынды жаза жүріп олармен достасып та кеткен боларсыз. Жалпы алдағы мақсаттарыңыз қандай?

— Қай шаруаға болсын, шын пейілмен, махабатпен кіріспесең, түпкі нәтиже жақсы болмайды. Аллаға шүкір, ұлтқа деген махаббат, өз кәсібіме деген адал ниет менің спорттың өз адамы ретінде қалыптасуыма зор ықпалын тигізді. Қазақ спортының ардагерлері Қабден Байдосов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Жәнібек Сауранбаев, Әлжан Жармұхамедов,Еңсебек Иманғалиев, Шора Жұмашев, Владимир Мұхамеджанов, Аманжол Бұғыбаев, Олег Түсімханов, Аманкелді Ғабсаттаровтардан бастап орта буын, біздің қатар, кейінгі толқындағы айтулы тұлғалардың бәрімен дерлік сыйластықта болдым. Мұрат Жексенбеков, Саян Шаймерденов, Тимур Досымбетов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазов, Дәулет Тұрлықанов, Қанат Байшолақов, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаңғараев, Марат Сатыбалдиев, Асқар Шайхиев, Асылбек Құлмағанбетов, Бостан Жаңбырбаев, Асылбек Қилымов, Кәрімжан Әбдірахманов, Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев… Ұлтымыздың мақтан тұтар азаматтарының біріне іні, біріне замандас, енді біріне аға бола жүріп, Аллаға шүкір, осы салада 36 жыл табандап еңбек етіппіз. Бұл азаматтардың біразының отбасымен жақсы таныспын. Көпшілігімен доспын. Бұл бауырлардың бапкерлерімен сыйластық бір кітапқа жүк болатын тарих.

Сонау Аманша Ақбаевтан бастап Заңғар Жәркешов, Қаратай Тұрысов, Темірхан Досмұхамбетов, Анатөлі Құлназаров, Бақытбек Тәжібай, Дәулет Тұрлықанов, Талғат Ермегияев, Тастанбек Есентаев секілді республика спортының тізгінін ұстаған азаматтармен тығыз қатынаста болдым.

Алла қаласа, қазақ спортының тарихына қатысты біраз деректерді жүйелеп, ұлтымыздың спорттық тарихын бір жүйеге келтіруге үлес қоссам деген мақсатым бар.

— Биыл Жапонияда Олимпиада болмайтын болды. Пандемия салдарынан қанша спорт жарыстары тоқтады, сол туралы мәліметіңіз бар ма? Олимпиаданы бір жылға шегеру спортшыларға қаншалықты әсер етуі мүмкін.

— Токио Олимпиадасының коронавирусқа байланысты кейінге шегерілуі адамзат баласының иманы әлсіреп, бес құрлықтың әр қиырында Алланың парыз еткен бұйрықтарын орындамай, азғындықтың бел алуы, ішімдік ішудің кең таралуы, зинаның қанат жаюы, жемқорлықтың асқынуы, ағайындық қатынастың үзілуі тәрізді күнәлі істердің терең тамыр жайып, кең таралуынан деп білемін. Әр спортшы маңдайына жазылған тағдырына тәуелді. Бұл шегеру бір спортшыларға сәтті, енді біреулеріне сәтсіз тиюі мүмкін. Пандемия салдарынан Еуропадағы миллиондаған адамды арбап алған футбол жарыстарының өзі уақытша тоқтап тұр. Бір Қазақстанның өзіндегі кейінге шегерілген жарыстар мен жаттығу жиындарын санап шығудың өзі оңай емес.

— Өткенде спорттың коммерциялық бизнеске айналуы туралы айтылды. ҚР Президені Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл туралы пікірін Твиттер парақшасына жазды. Соған қарағанда үлкен жарыс жеңімпаздарына берілетін сыйақы мөлшері азаятынға ұқсайды. Мысалы дамып кеткен АҚШ, Германия, Ұлыбритания елдерінде Олимпиада, Әлем чемпиондарына айтарлықтай гонорар төлемейді. Себептері турал айтып кетсеңіз.

— АҚШ секілді өндірісі озық елдің Ұлттық Олимпиада комитеті мемлекеттен ақша алмай, жарнама, телетрансляция арқылы өздерін өздері асырап отыр. АҚШ, Норвегия секілді елдерде спорт негізінен жеке клубтар, ассоциациялар, студенттер лигалары арқылы дамып отыр. Егер біз сол жүйеге бірте-бірте көшетін болсақ, қазіргідей мықты мамандар сыртта қалмас еді. Қазір Үкіметтің дайын ақшасын еміп отырған мекеме басшылар білімді әрі білікті бапкерлердің қадіріне жетіп отырған жоқ. Ал іскер, белді азамат жеке клубына дарынсыз, білімі таяз маманды шақырмайды. Алдағы уақыттарда елімізде жеке клубтар мен білімді әрі ұяты бар азаматтар тізгінін ұстайтын нәтижелі, берекелі ұжымдар пайда болуы мүмкін. Біз кейінгі ширек ғасырда спорт ғылымын су түбіне жібердік. Спорттың классикалық түрлерінен бір қазақ ғалымын, әлемдік деңгейдегі бір қазақ спортшысын баптауға жарамадық. Ұлттық намысы күшті жігіттерді шетке қақтық. Бауыржан Жаналин, Аманкелді Мұсабек, Керей Қойшыбек, Асылбек Құлмағанбетов секілді терең ойлы мамандардың қадірін білмедік. Білім мен білікке мән бермеудің салдарынан қазақтың небір дарынды жастарын спорт ғылымына тарта алмадық. Соның салдарынан кадр саясаты қатты тоқырады. Іс басына білімсіз, ұяты кем, пысықай кадрларды жіберіп қойдық. Жемқорлықты ұят санамайтын күйге түстік. Ұлттық намысты тек биік мінберлерде, дастархан басында ғана көз үшін, тек тіл ұшымен ғана айтатын жағдайға жеттік.

Енді артыңызға қараңыз, Олимпиада ойындарында жеңіл атлетика мен жүзудің әрқайсысынан 35-40-қа жуық жүлде жиынтығы сарапқа түссе, біз ширек ғасырда Олимпиада медаліне таласатын бір жеңіл атлет немесе жүзуші баптауға жарамадық. Бір кездегі құралайды көзге атқан мерген қазақтың бүгінгі ұрпағы садақ пен мылтық, пистолеттен жүлде қумайтын жағдайға душар болды. Біз әлі құлдық сананың жетегінде салпақтап келеміз. Тарихи таным, ұлттық сана оянбай осы көргеніміз көрген. Ұлттық намыс оянбайынша, спорт саласы нағыз қазақи сипатына енуі мүмкін емес. Осы қалыпта жүре берсек, спорттағы жағдайымыз бұдан әрі төмендеуі мүмкін.

— Спорт ерекше рух беретінін білеміз. Жарыста жеңімпаз болу — сол елдің мерейін үстем етеді. Сол рух басқа жастардың да оқ бойы озып шығып, ерекше жетістікке жетуге бастайды. Қазақ спорты алған асулар бірнеше жылдан бері өзгеріссіз келеді. Әлде біздің деңгейіміз сол жыл сайын екі-үш чемпионмен қанағаттану ма? Орын толтыру үшін шетелден спортшы тарту дәстүрі туралы не ойлайсыз? Қазақ спортының ертеңі қандай болады?

— Сырттан спортшы шақыру дегеніңіз – өзіңіздің дәрменсіздігіңізді мойындау дегенді білдіреді. Сырттан спортшы шақыру дегеніңіз – өзіңде барды бағаламау, өзіңнің бір туған бауырларыңды көзге ілмеу деген сөз. Мысалы, Рио Олимпиадасы қарсаңында еркін күрестен Белоглазовты бапкнерлікке шақырып, бірнеше мың евро айлық төледік. Рио олимпиадасынан қазақ балуандары олжасыз қайтты. Адамгершілік тұрғысынан алсақ, заң шеңберінде қарасақ, Белоглазов құраманы баптаған жылдары, кеткен шығын үшін жауап беруі, халық алдында есеп беруі қажет болатын. Мұның бірін естіген жоқпыз. Сырттан спортшы шақыру туралы позициямызды айттық, ал сырттан бапкер шақырудың да ұлтқа пайдалы әрі нәтижелі жағдайын терең ойластыратын уақыт әлдеқашан жетті.

Спорттың басына бойынан адалдыққа жанашыр имандылық иісі, ауыл иісі аңқыған азаматты халық болып, реферундуммен сайласа, деген арманым бар. Сол азамат бүкіл халықтың алдында бағдарламасын жайып салып, мақсат, мүддесін ашық айтса, ұлтының алдында адал әрі жан аямай, жүйелі қызмет атқаруға уәдесін берсе, сонда ғана спорт көші түзелуі мүмкін. Облыстардағы спорт басшыларын да ашық конкурспен, нақты бағдарлама негізінде тағайындау керек. Менің бұл айтқандарым қазіргі таңда құр догма, қияли адамның сөзі болып естілуі мүмкін. Бірақ, ақиқаты осы.

Автор Махат Садық

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*