Ордабасыда Бейжің үйректері өсіріледі

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылдық округінің тұрғыны Бақберген Жұмабай құс өсірумен екі жылдан бері айналысып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау фермерге өз шаруашылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берген.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ерекше кәсіпті дамытуда жас кәсіпкерге алғашында әкесі идея ұсынып, ой салған. Алдымен ол Бейжің үйрегінің жүз балапанын сатып алып, соларды өсіруді қолға алды. Еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін береді. Үйрек етін алысқа бармай туыстары мен көршілері сатып ала бастаған. Бұл құс түрінің етінен сорпа, негізгі тағамдар, әсіресе кәуап дәмді болады. Ашық ауада, көмірде қуырылған етін, тіпті, тамаққа аса талғампаздар мен кәсіби аспаздардың өзі ерекше бағалайды.

Сұраныс артып, Бақберген бар күшін істі одан әрі дамытуға жұмсайды. Жас кәсіпкер былтыр бизнес-курсын оқып, 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Ол қаражатқа инкубатор сатып алып, құс санын едәуір арттырған. «Біз үйректерді тек ет үшін өсіреміз. Бордақылау үшін екі ай жеткілікті, содан кейін құсты союға жібереміз. Еттің көтерме бағасы бір килограмына 1200-1400 теңгеден. Тұрақты сатып алушыларымыз бар», — дейді жас кәсіпкер.

Бақберген Жұмабай не үшін Бейжің үйректерін таңдағанын да түсіндірді. Айтуынша, олар тез салмақ қосады. Өсірудің де аса қиындығы жоқ. Ең бастысы, үйректерді жылы жерде ұстау қажет. Бейжің үйректерінің әрқайсысы екі күнде бір рет жұмыртқа салады. Негізгі азығы бидай, арпа, жүгері, сұлы. Ал, жазда өзге құстар секілді көк шөпті керек етеді.

Кәсібіне машықтанған төркүлдік азамат қазір несие рәсімдеп жатыр. Бизнесті әрі қарай дамыту үшін үш жарым миллион теңге алып, үйрек орауға арналған жабдық, жаңа инкубаторлар мен тоңазытқыш камераларын сатып алуды жоспарлауда. Алдағы уақытта көрпе-жастыққа арнап құстың мамығы мен қауырсынын өндірмек. Бақберген Жұмабай үйрек өсіру кәсібінің табысы мол болатынына сенімді. Тіпті қызығушылық танытатындар болса тәжірибесімен бөлісуге әзір.

Дереккөз: «Өзге пікір» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Созақ ауданындағы «Үлгілі ауыл» атанған жартытөбе елдімекенінде соңғы 5 жылда мүлдем қылмыс тіркелмеген

Созақ ауданында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы ретінде Жартытөбе ауылы үздік деп танылды. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру ...

Түркістанда бокстан түркі мемлекеттерінің «Алтын белбеуі» сарапқа салынды

Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде Түркі мемлекеттерінің қатысуымен бокстан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі ...