Бір тәулікте коронавирустан 5 науқас көз жұмды

Қауіпті кесел тағы 5 адамның өмірін жалмады. Олардың екеуі – Алматы, біреуі – Шымкент қаласының тұрғындары. Нұр-Сұлтанда қайтыс болған тағы біреу Ресей азаматы екен. Ал бесіншісі Маңғыстау облысында әскери қызметкер болған. Сонымен ел аумағында қауіпті кеселден көз жұмғандар саны 25-ке жетіп отыр. Бүгін дерт жұқтырған тағы 50 шақты адам тіркеліп, жалпы індетке шалдыққандар 2 жарым мыңға жуықтады, деп хабарлайды Xnews КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматы қаласы ауру жұққандар мен жыққандардың көшін бастап тұр. Осылайша дәрігерлер қалада екі бірдей қайғылы жағдайды хабарлады. Індеттің ілмегіне ілініп марқұм болғанның бірі – 75 жастағы қария. Науқастың бұған дейін де созылмалы аурулары болып, ол артынан асқынып кетіпті. Ал екіншісі – 63 жастағы әйел. Күйеуінің айтуынша, соңғы аптада жөтеліп, қызуы көтерілсе де, ауруханаға барып тексерілмеген. Сөйтіп жедел жәрдем жеткенше жан тәсілім етті.

Қайғылы жағдайдың бірі Маңғыстау облысында тіркелді. Мұнда кеселден 40 жастағы әскери қызметкер қаза тапқан. Ол бір апта бойы үйінде ыстығы көтеріліп, ауруы шыдатпағанда ғана жедел жәрдем шақырыпты. Алайда ақ халаттылар ажалдан арашалап қала алмады. Анықталғанындай, марқұм бұған дейін Ақтау қаласын дезинфекциялау жұмыстарына қатысқан екен.

  • Өкінішке қарай әскери қызметкер, Мұнайлы ауданының тұрғыны 24 сәуірде, бүгін қайтыс болды. Оның отбасы қазіргі таңда, бес баласы мен әйелі, барлығы госпитлге жатқызылып, қазір олардан анализ алынып жатыр,-деді Маңғыстау облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.

Нұр-Сұлтан қаласында көз жұмған 64 жастағы әйел Ресей азаматы екен. Ол 15 сәуірде ауруханаға жеткізілген бойда тыныс алу аппаратына қосылған. Сөйтіп бүгін таңертеңгі сағат 11 шамасында жүрегі тоқтады. Марқұмның дертті жұқтырғанға дейін де талай ауруы болғаны анықталды.

Емі жоқ дерттен Шымкентте де бір адам ажал құшты. Дәрігерлердің айтуынша, ол бұған дейін ауырғандармен қарым-қатынаста болмаған.

  • Науқастың түскен күні – 20 сәуір. Кеше кешкі сағат 8 жарымда коронавирустан көз жұмды. 52 жастағы тұрғын пневмонияның ауыр түрімен ауырған. Семіздікке шалдыққан азаматта қант диабетінің екінші типі де болған. Сондай-ақ, өткір бүйрек жетіспеушілігі науқастың жағдайын мүлдем қиындатып жіберді,-деді Шымкент қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау депаратаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев.

Шымкентте төрт күн бұрын Ақтау қаласынан келген 68 жұмысшының үшеуіне жұқпалы вирустың жұққаны белгілі болды. Тағы 22 сәуір күні кері қайтқан 109 адам тексеріліп жатыр.

«Эйр Астана» әуекомпаниясының екі қызметкерінен де коронавирус табылыпты.

Елімізде кеше түннен бері жаңадан Ковид-19 жұқтырған 50 адам тіркелді. Оның басым бөлігі індет ошағына айналған – Алматыда анықталған. Кеселге шалдыққан адамдардың жалпы саны 2 жарым мыңға жетіп қалды.

Дегенмен жұқпалы дертті жеңіп шыққандар да жетерлік. Олардың саны 600-ден асқанын айта кетейік.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*