ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасындағы ҚХР елшісі Чжан Сяо мырзамен кездесу өтіп, оның барысында қазақстандық тарап қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады» атты мақалаға қатысты наразылық білдірген.
«Қытай елшісіне мұндай сипаттағы мақаланың жариялануы 2019 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейтіні атап өтілді. Тараптар ақпарат тарату және БАҚ саласында тығыз өзара ықпалдасуға келісті», — дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігінің ҚХР Сыртқы істер министрлігіне нота жолдағаны айтылады.