Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасында кадрлық ауыс-түйістер жоспарланған болатын. Ведомствоның қазіргі басшысы Тілеухан Әбілдаев өз еркімен отставкаға өтініш білдіргендіктен, оның орнына бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров тағайындалған еді. Алайда, соңғы жағдайларға байланысты Әбілдаев өз қызметін жалғастыратын болып шешілді, деп хабарлайды Xnews ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың Facebook парақшасына сілтемемен.
Министрдің мәліметінше, кеше Үкімет қаулысымен басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған Камалжан Талғатұлы Надыровты Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына басшы етіп тағайындау жоспарланған.
«Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда, кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдірімен! Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды» деп жазды ол.
Жалпы, Алматыдағы COVID-19 қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында. Бүгін таңғы мәлімет бойынша мұнда 678 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, скрининг нәтижесінде науқастардың жартысына жуығы медицина қызметкерлері екені белгілі болды. Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы індеттің ошағы оқшауландырылды, барлық пациенттер, коронавирустық инфекция диагнозы расталған қызметкерлер қаладағы стационарларға орналастырылды және емделуде. Аталған аурухананың ғимараттары толық дезинфекцияланады, стационар содан кейін ғана науқастарды қабылдауға кіріседі.